Қызылордада қатты қалдықтарды сұрыптайтын кешен іске қосылады
Kyzylorda-news.kz. Аймақ басшысы «Қызылорда қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені мен полигон құрылысын салу және сыртқы инженерлік желілерді жеткізу» жобасының іске асырылу барысымен танысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
2019 жылғы 7 ақпандағы облыстық мәслихаттың шешімімен жоба бойынша 504 млн.теңгеге қаралған. 2019 жылғы 18 ақпанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 5-жақты келісім шарт жасалды.Олар облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен «Қызылорда тазалығы» ЖШС-і, «Техонастка Ремсервис» ЖШС-і. Шарт 2019 жылғы 1 маусымда қазынашылық органына тіркелген. Аталмыш жобаның жалпы құны – 1,3 млрд.теңге. Кешен жыл аяғына дейін іске қосылады деп күтілуде.
Айта кетейік жобаның 50 пайызы 652,0 млн.теңге жеке инвестордың өз қаражаты есебінен іске асырылады. Нысан осы жылдың қараша айында аяқталады деп күтілуде. Жобаның негізгі қуаттылығы жылына 60 мың тонна қатты қалдықтарды сұрыптайды. Кешен іске қосылған уақытта қосымша 40 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Бүгінде жоба бойынша нысан құрылысының 60% жұмыстары аяқталған.Кешен толық іске қосылғаннан кейін Қызылорда қаласы әкімдігінің басқаруына беріледі.