7 қазан: Атаулы күндер мен оқиғалар
Мұғалімдер күні - білім саласындағы қызметкерлердің кәсіби мейрамы. Бұл айтулы күнді 1994 жылы ЮНЕСКО бекіткен. Бұл күн қоғамдағы мұғалімдер жайына, олардың білім беру мен дамудағы рөліне көңіл бөлуді көздейді. Бүкіләлемдік мұғалімдер күні әлемнің 100-ден астам мемлекетінде атап өтіледі.
1993 жылы Алматыда жазушы Ілияс Есенберлиннің мұражайы ашылды.
1994 жылы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 60 жыл толуына орай, оқу орнының бас ғимараты алдына әл-Фараби ескерткіші орнатылды.
1995 жылы Венгрия астанасы Будапештте Абай күндері өтті.
1997 жылы Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі құрылды.
1997 жылы ҚР Үкіметінің №1419 Қаулысымен арнайы теле-, радиохабар тарату субъектісі ретінде «Қазтелерадио» Республикалық мемлекеттік қазыналық мекемесі құрылды, оның негізгі міндеті ретінде «телерадиобағдарламаларды және басқа телерадиохабарларды тарату» белгіленді.
1998 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен ҚР Конституциясына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, Президент өкілеттігінің жаңа мерзімі бекітілді - 7 жыл. Жас шектеулері де өзгертілді: төменгі меже - қырық жастан кем емес, жоғары меже - шектелмеген.
1999 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қоры туралы ереже бекітілді.
1999 жылы Берлин көшелерінің біріне қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының есімі берілді.