Белгілі журналист Елібай Жікібаев тірі болғанда 63 жасқа толар еді
Kyzylorda-news.kz. Бүгін – белгілі журналист, «Kyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігінің алғашқы бас редакторы Елібай Жікібаевтың туған күні. Ол көзі тірі болғанда 63 жасқа толар еді. Сыр журналистикасында өзіндік орны бар, өзінен кейінгі буынға ұстаз болған қаламгер Елібай Зұлхарнайұлы бақи дүниеге аттанғанына 3 жыл толыпты.
Елібай Зұлхарнайұлы 1956 жылы 14 қазанда Қостанай қаласында дүниеге келді. Федоров ауданындағы Чапаев колхозында орта мектепті 1973 жылы тәмамдаған. Осы жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде әскер қатарына шақырылып, Амур облысындағы Байкал-Амур магистралінде азаматтық борышын өтейді. Әскерден соң Қостанай облысы Наурызым ауданындағы «Восход» аудандық газетінде қызмет атқарды. Сол жылдары аудандық партия комитетінде инструктор қызметінде болғанымен, кейіннен өзінің сүйікті ісі журналистикаға оралады.
1987 жылы Арқалықтағы педагогикалық институттың филология факультетіне сырттай оқуға түседі. Елібай аға өмірінің денін журналистика саласына арнады. Облыстық радио мен аудандық, кейін Қостанай және Торғай облыстық газеттерінде жемісті еңбек етті.
1991 жылы Сыр өңіріне қоныс аударып, әріптестерімен бірге «Байқоңыр» атты газет ашып, 1993-1995 жылдары оның бас редакторы болды. Ол 1995 жылы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінде еңбек етті. 1998 жылы қалалық «Новая Кызылорда» газетін, кейін атауы өзгерген «Контакт-К» басылымын 2006 жылға дейін басқарды. Ол 1999 жылдан «Караван» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі болды. 2011 жылдан өмірінің соңына дейін облыстық «Kyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы болды.
Ол өмірде барынша қарапайым еді. Жаны жайсаң, айналасындағы адамдарға қашан да мейірін төгіп жүретін. Кішіге қамқор болып, білгенін үйретуден жалықпайтын.
Елібай Джікібаевтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгілікке сақталады...