Қармақшы ауданының әкімі жеңімпаз жас жыршыларды қабылдады
Kyzylorda-news.kz. Жуырда Баку қаласында өткен халықаралық «Мугам» орындаушылардың фестивалінде өнер көрсеткен Шұғыла Мархабатова мен Арай Оңғарқызын Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков қабылдады.
Аудан әкімі фестивальде жеңіс тұғырынан көрінген жас өрендерге арнайы сый-сияпат жасады. Балғындарды баптаған ұстаздарына арнайы алғыс хатпен марапаттап, ел абыройын асқақтатқан жас жыршыларымызға планшеттер табысталды. Сондай-ақ болашағынан үміт күттіретін шәкіртер мен ұстаздарына өнерде алар асулары биік, мерейлері үстем болсын деп тілектестігін білдірді.
Аталған дүбірлі додаға жас жыршыларды «Жыраулар үйінің» директоры Амандық Бүрлібаев апарған болатын. Сонымен қатар шығармашылық үйінің басшысы Қазақстанның атынан халықаралық қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысты.
Айта кетейік, бұл өнер додасында Шұғыла Мархабатова ІІІ орынды иеленсе, Арай Оңғарқызы арнайы сыйлық иегері атанды.