18 қазан: Атаулы күндер мен оқиғалар
Рухани келісім күні
1992 жылы қазанда Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында Рухани келісімнің І әлемдік конгресі өтті. Конгреске қатысушылар 18 қазанды рухани келісім күні - қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу, татулық іздеу, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп жариялау туралы манифест қабылдады. 1992 жылдан бастап бұл күн Қазақстанда атаулы күн ретінде атап өтіледі.
1863 жылы Түпқараған мүйісінің жағалауында Жоғары Маяк орнатылды. Ол қараңғы түнде 30-40 шақырым жерден көрінеді. Маяк Каспий теңізінің жағалауындағы Форт-Шевченко қаласынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан, Маңғыстау облысының тарихи орындарының тізіміне енген.
1992 жылы Алматыда рухани татулық жөніндегі бірінші дүниежүзілік конгресс өтті. Оған АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Австрия, Үндістан, ТМД елдерінен дүние жүзіндегі аса ірі діни ағымдардың өкілдері, танымал рухани ілім басшылары, ғалымдар, жазушылар, оқу-ағарту және мәдениет қайраткерлері келді.
1994 жылы 18-19 қазан күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ыстанбұлда өткен түркітілдес мемлекеттер (Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Түркия) басшыларының жоғары дәрежедегі екінші басқосуына қатысты. Кездесуде Ыстанбұл декларациясы қабылданды.
1996 жылы Қызылорда қаласында қазақ-түрік лицейі ашылды.
1997 жылы Алматыдағы 8 март көшесіне ұлы композитор, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілді.
2004 жылы Қызылорда қаласындағы Сәулетшілер көшесіне журналист Орман Нұрхабаевтың есімі берілді.
2004 жылы Қызылорда қаласындағы Гоголь тұйығына мемлекет және қоғам қайраткері Ыбырайым Тәжиевтің есімі берілді.
2004 жылы Қызылорда қаласындағы В.Маяковский көшесіне Еңбек және соғыс ардагері Тәкей Есетовтің есімі берілді.
2007 жылы Талдықорғанда велоспорттан Қазақстан Республикасы Олимпиадалық дайындық орталығы ашылды.