Жел күшейіп, тұман түседі
Kyzylorda-news.kz. Сәрсенбіде ел аумағының басым бөлігінде антициклон әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тек батыста, солтүстік-батыста және солтүстікте атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады, кей жерлерінде жауын-шашын жауады (жаңбыр, қар).
Республиканың кей жерлерінде жел күшейеді, тұман түсуі ықтимал, солтүстік-батыста және солтүстікте көктайғақ, солтүстікте жаяу бұрқасын күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын, түнде басым бөлігінде жел 15-20, кей жерлерде екпіні 25 м/с күшейеді.
Қостанай, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде тұман түседі, желдің жылдамдығы 15-20 м/с. Қостанай, Ақмола облыстарында көктайғақ күтіледі.
Павлодар облысының кей жерлерінде көктайғақ болады, жел 15-20 м/с күшейеді.
Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, түнде және таңертең Қарағанды облыстарының кей жерлерінде тұман түсуі ықтимал.
Түнде Түркістан облысының кей жерлерінде үсік жүреді.