Қызылордада Рухани келісім күні аталып өтті
Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Рухани келісім – зайырлы мемлекет тірегі» дөңгелек үстел өтті.

Шара аймақта этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту мен тұрғындар арасында ұлтаралық, дінаралық татулықты күшейту мақсатында ұйымдастырылған.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовтың төрағалығымен өткен жиынға этно-мәдени және діни бірлестіктер өкілдері мен үкіметтік емес ұйым жетекшілері қатысты.
«Қазіргі таңда конфессияаралық келісімді қолдауға Қазақстанның барлық қажетті экономикалық және саяси негіздемелері, оған қоса механизмдері мен құралдары бар. Солардың бірі ретінде Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен қалыптасқан, құқықтық негіздемесі Конституциядан бастау алатын ұлтаралық және дінаралық толеранттылықтың қазақстандық моделін келтіруге болады. Басты ден қойылып, мықты орнығып жатқан толеранттылық қазақстандықтардың саяси нормасына, мемлекеттің арқа сүйер негізгі принципіне айналды», - деді Наурызбай Байқадамов.
Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің бөлім басшысы Әлібек Жаппасбаев «Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдары өзге елдің саясаттанушылары жас мемлекеттік өміршең болуына күмәнмен қарады» дегенді айтады.
«Мемлекетте өзге ұлттар мен ұлыстардың көп болуынан ішкі тартыстар белең алып, тәуелсіздіктің тоз-тозы шығады деп болжаса керек-ті. Алайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының, Ата Заңымыздың барлық сенім мен конфессия өкілдерін достықпен татулыққа шақыруының арқасында халқымыз егемендігінің 28 жылын тату-тәтті тірлікте өткерді», - дейді Әлібек Жаппасбаев.
Дөңгелек үстелде өзге де қатысушылар іс-шара тұжырымдарын, құнды ой-пікірлері мен ұсынымдарын ортаға салды. Жиын соңында өңірімізде дінаралық татулық пен рухани келісімді нығайтуға, мемлекеттің дін саласындағы саясатын насихаттауда белсенділік танытқан бірнеше азамат облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовтың алғыс хатымен марапатталды.

