Нұртөре Жүсіп Сыр журналистеріне дәріс оқыды
Kyzylorda-news.kz. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР жазушылар және журналистер Одағының мүшесі Нұртөре Жүсіп Сыр елінде БАҚ саласының өкілдерімен жүздесті.
Журналист әріптестеріне «Дәстүрлі және заманауи медиа» тақырыбында дәріс оқыған Нұртөре Байтілесұлына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов өз алғысын жеткізді.
Нұртөре Байтілесұлы дәріс барысында қазір әлеуметтік желілердің заманы, сондықтан газет-журналдардың таралымын кеміді, оқырманын көбейту үшін жаңа формат қалыптастыру қажет екенін айтты.
«Бірақ бұл бізге бұл ақпарат-құралдарының мүлдем қажеті жоқ дегенді білдірмейді. Дәстүрлі медианы жаңа заманға сай бейімдеуіміз керек. Атап айтсақ, көптеген қазақ тілді газеттер мәселені көтергенмен, оның шешілуін толық қадағаламайды. Көтерген проблемасының нәтижесіне үңілмейді. Сондықтан қоғамда бұлар айтады, жазады қояды деген пікір қалыптасты. Ал, желілерде мәселені көтересің, оның жауабын тиісті органдардан күтесің, ақпараттың әсер еткендігіне көз жеткізесің. Сондықтан, біз дәстүрлі медианы осы әлеуметтік желі сынды әсер қалдыратындай деңгейге жеткізуіміз керек. Жаңа форматын қалыптастырып, журналистиканы арттыруға жұмыс жасауымыз қажет», - деді Нұртөре Жүсіп.
Сондай-ақ, осы шарада «Хабар24» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Қамбар Бекенов жас журналистерге «Ақпарат алу мен оны жылдам тарату» тақырыбы жайлы кең мағлұмат берді. Сонымен бірге телевизия саласында жұмыс істеуге ниетті жастарға осы саладағы тілшіге тиісті тіршілікті баяндады. Сыр журналистерінің мәртебесін көтеру, білімі мен тәжірибесін арттыру мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасымен ұйымдастырылатын семинарлар жыл аяғына дейін жалғаспақ.