Міндетті медициналық сақтандыру: Кім қанша жарна төлейді?
Kyzylorda-news.kz. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2 айдан кейін басталатын сақтандыру реформасына дайындық туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне 2 айға жуық уақыт қалды. Денсаулық сақтау саласын жақсартып, қызмет сапасын көтеруге бағытталған реформа 2020 жылы бастау алады. Қордың хабарлауынша, бүгінде қазақстандықтардың 93% медициналық сақтандыру жүйесімен қамтамасыз етілген.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі ең ірі топ – жеңілдігі бар 15 санатқа жататын азаматтар. Бұл тізімге балалар, зейнеткерлер, соның ішінде Ұлы Отан соғысы ардагерлері, көпбалалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декреттік демалыстағы аналар, мүгедектер мен мүгедек бала күтімімен айналысатындар, жұмыссыз ретінде ресми тіркеуге тұрған азаматтар, интернат тәрбиеленушілері, студенттер, тергеу оқшаулағышында отырғандар мен қылмыстық-түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандар, жұмыс істемейтін оралмандар кіреді. Бүгінде олардың жалпы саны 10,8 миллионды құрап отыр», - делінген МӘМС қорының хабарламасында.
Ал жұмыс берушілер сақтандыру жүйесіне 2017 жылдың 1 шілдесінде қосылды. Қазір олар қарамағындағы жұмыскерлер үшін жалақының 1,5% көлемінде ақша аударады. Болашақта жарна көлемін арттыру жоспарланған: 2020 жылы жұмыс беруші – жалақының 2%, 2022 жылы – 3% мөлшерінде аударым жасайды.
2017 жылдың екінші жартысында өзі үшін жарна аударған жеке кәсіпкерлер екі жылдық үзілістен кейін жүйеге қайта қосылады. Олар келер жылдан бастап ең төменгі жалақының 5% қорға аударады. Яғни, ай сайынғы төлем - 2 975 теңге.
Сонымен бірге, Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған 1 милионға жуық азамат тұрады. Ресми тіркелмеген, жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсететін бұл топтағы азаматтар сақтандыру жүйесіне екі түрлі тәсілмен қатыса алады. Біріншісі - ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 5% немесе 2 125 теңге. Екіншісі - салық органдарына барып, бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеуші ретінде тіркелу. Қала тұрғыдары 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 2 651 теңге, ауыл тұрғындары – 0,5 АЕК немесе 1 326 теңге төлейді.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 2020 жылы сақтандырылған тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге 83,1 мың теңге жұмсалмақ. Нәтижесінде азаматтардың денсаулыққа жұмсайтын жеке шығындары айтарлықтай қысқарады.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, МӘМС медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, консультативтік-диагностикалық көмекке бөлінетін қаражат - 5 есе, науқасты оңалтуға кететін шығын - 9 есе артады.
«Қазақстанда тұратын әр азамат МӘМС жүйесіне қатысуды ойластыра бастауы тиіс. Себебі, ай сайын аз ғана жарна төлеп, қажет болғанда медициналық қызметтің қымбат, көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін түрлерін пайдалана алады. Оның құны төлеушінің 1 жыл бойы аударған сомасынан бірнеше есе асып түсуі мүмкін. Мысалы, қазірдің өзінде бір рет компьютерлік томография жасатуға 15 мың теңге төлеу қажет», - дейді Тілеухан Әбілдаев.
«Қазақстанда тұратын әр азамат МӘМС жүйесіне қатысуды ойластыра бастауы тиіс. Себебі, ай сайын аз ғана жарна төлеп, қажет болғанда медициналық қызметтің қымбат, көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін түрлерін пайдалана алады. Оның құны төлеушінің 1 жыл бойы аударған сомасынан бірнеше есе асып түсуі мүмкін. Мысалы, қазірдің өзінде бір рет компьютерлік томография жасатуға 15 мың теңге төлеу қажет», - дейді Тілеухан Әбілдаев.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінде тұрғындарға консультативті-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, стационарлық көмек, оңалту және қалпына келу емдері қолжетімді болмақ.