Бас мүфти еліміздегі имамдардың жаназа, астарға барғанда ақша алуы заңсыз екенін айтты
Kyzylorda-news.kz. Имамдар форумында мұсылмандардың жаңа құжаты – «Жеті рухани қазық» қабылданды. 500-ге тарта делегат имамдардың басын қосқан республикалық форумда дін мамандары, яғни имамдардың атқаратын діни рәсімдерінің тізілімі және қызметтік өзінің міндеттемелерін айқындайтын тізілімдер қатарлы бірнеше құжат қабылданды.
«Қабылданып жатқан құжаттар руханият саласына жаңа тың серпін, жаңашылдық береді деп ойлаймын. Діндар қауым негізгі бағыттарды ұстана отырып өзінің күнделікті жұмысында, ел арасында өз қызметі аясында осыны насихаттайтын болады. Бұл тұғырнама 7 рухани негізге негізделген жеті қазық. Олар: Имандылық. Отаншылдық. Білімділік. Еңбекқорлық. Ауызбіршілік. Әділдік. Мәдениеттілік. Осы 7 тұғырдан негізделген рухани ұстаным – біздің діни қауымның бағдаршамы. Насихатының бастауы болып табылуы тиіс», - деді еліміздің Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының сөзіне сүйенсек, білімге ешкімнің таласы жоқ, еңбекқорлыққа ешкімнің таласы жоқ». Ең соңында жеті тұғырнаманы Әділдік тәмамдап тұр. Өйткені, әрбір істе әділдік керек.
Бұдан былай дін қызметкерлері қоғамда, жастар тәрбиесінде, имандылық саласында бүгін қабылданған құжаттарды басшылыққа ала отырып жұмыс жасайтын болады.
Бұл орайда Серікбай қажы Ораз мешіттерде имамдар жасаған діни рәсімі үшін қарапайым халықтан ақы алады деген көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға нақты әрі түсінікті тілде жауап берді.
«Діни рәсімді өткізу кезінде оның қызмет ақысына яки болмаса көрсеткен қызметіне ешқандайда сыйақы, төлемақы алу деген талап та тілек те жоқ. Түпкі мақсаты – өз қалауыменен тегін өткізу. Діни рәсімді атқарған имам 30-35 мың алады деген жәй сөз. Нақты бір имам 30-35 мың теңге мөлшерінде тариф қойып, көрсеткен діни қызметі үшін ақша алатын болса, онда ол иман сол қызметке лайықты емес. Дін қызметкерлерінің белгілі бір төлемақысы, тарифі жоқ. Болмайды да», - деді ол.
Жиынның соңында Үндеу қабылданды. Бұл маңызды үндеу халықты имандылыққа, отаншылдыққа, жан-жақты білім алуға, еңбекқорлыққа, ауызбіршілікке және әділдікке үндейді.
«Мың құбылған өмір салты өзгеріп жатқан кезде рухани құндылықтар аса қажет. Мұны айтудан діндар қауым ешқашан жалыққан емеспіз. Тіпті, діни-таным түсініктің кейбір теріс ағымдарға да төтеп бере алуы үшін осы жеті қазыққа біздің қоғам аса мұқтаж екені байқалады. Ең жақсы өмір – жан-дүниенің тыныштығы. Дүние жамандықтарынан аман жұрек – сау жүрек. Сау жүректің иесі болу қандай бақыт?!», - деп түйіндеді өз сөзін бас имам.