Педагогтар мен мәдениет қызметкерлерінің айлығын көтеруге қанша қаржы бөлінеді?
Kyzylorda-news.kz. Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына Мәжілістен кейін қандай өзгерістер енгізілгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мәжілісте бюджет жобасын талқылау барысында бірқатар түзетулер енгізілді. Аталған түзетулер Елбасының және Мемлекет басшысының Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыруға, сондай-ақ депутаттардың ұсыныстары бойынша халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағытталып отыр. Негізгі өзгерістер педагогтар мен мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеру үшін енгізілді. Бұл мақсатта жұмсалатын қаражат шамамен 1,1 трлн теңгеден асады», - деді Берік Шолпанқұлов Сенат депутаттары алдында.
Вице-министрдің айтуынша, осы ретте салықтық түсімдерді ұлғайтып, шығындарды оңтайландыру көзделіп отыр.
«Елбасының және Президенттің тапсырмаларын іске асыруға 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетте 8,5 трлн теңге, оның ішінде 2020 жылға 2,7 трлн теңге көзделген», - деді ол.
Айта кетсек, бүгін Берік Шолпанқұлов Парламент Сенатының депутаттарына 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстырған болатын.