Қызылорда облыс әкімі «Nur Otan» партиясында азаматтарды қабылдады
Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі, «Nur Оtan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қуанышбек Ысқақов партия филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Сондай-ақ, қабылдауға қала әкімінің міндетін атқарушы Бектас Нұридинов пен жауапты басқарма басшылары да қатысты.
Бүгін қабылдауға келген Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушысы Шанжархан Бекмагамбетов, Қызылорда қаласында алыс жақын шет мемлекеттердің ғалымдарын жинап тіл мәселесіне қатысты ғылыми конференция ұйымдастыруды көтерді. Ол бұл тақырыппен 1995 жылдан бері айналысып келеді. Бүгінде екі монография, 50 аса ғылыми мақаласы еліміздің және шетелдік ғылыми басылымдарында жарияланған. Алғашқы монография – «Тілдік таным негіздері және тілдік символдар» Алматы баспасынан 1999 жылы жарық көрген.
Қызылорда қаласы, Титов қыстағының тұрғыны Людмила Вершинина, балалар ойнайтын алаң ескіруіне байланысты жаңартып беруді сұрайды. Аталған ойын алаңы 2000 жылы салынған. Ескі алаң осы мөлтек ауданда тұратын балалар үшін қайта қалпына келтірілсе деген тілегін жеткізді. Аймақ басшысы Қ. Ысқақов қала әкімінің міндетін атқарушы Б. Нұридиновке аталған алаңды қалпына келтіру туралы тапсырма беріп, нәтижесін баяндауды жүктеді.
Тасбөгет кентінің тұрғыны Мұрат Себепов қабылдауда екі мәселе көтерді. Бірі Қызылорда облысының тумасы Қалиев Хамит Калиевичке Халық қаһарманы атағын беру туралы және Қызылорда қаласының аэрофлотының негізін қалаған, кейін сол мекеменің директоры болып ұзақ жылдар қызмет еткен Дошимов Мәдениет Аббасовичке облыстың құрметті азаматы атағын беру жайлы өтінішін жеткізді. Бұл ұсыныс туралы да жауапты сала басшыларына тапсырма берілді.
Қабылдауда «SKYPE» байланыс жүйесі арқылы да сұрақтар мен ұсыныстар келіп түсті.
Жалағаш ауданындағы «Дәуімбай» 30 жалдамалы тұрғын үй құрылысына қатысты «SKYPE» байланыс жүйесі арқылы Жалағаш аудандық мәслихат депутаты, Жалағаш аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сулейменов Кенжеғара сауалын жолдады.
Осы тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мақсатында, бюджеттік өтінім облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына өткізіліп, тиісті құжаттар республикалық тұрғын үй-коммунальдық шаруашылық істері комитетіне тапсырылған. Жобаның құны 489,1 млн.теңге. Қазіргі таңда аудан бойынша тұрғын үй кезегінде барлығы 283 азамат тұр. Облыс әкімі Қ.Ысқақов Қызылорда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріковке тұрғын үй мәселесін толық шешіп беруді тапсырды.
Бүгінгі қабылдауда болған тұрғындардың мәселелері жауапты сала басшыларына тапсырылды.
"Әрбір келушінің өтініші қараусыз қалмайды және барлық мәселе заң аясында тиісті шешімін табатын болады",- деді аймақ басшысы.