Енді елімізде мектептердегі спорт залдар жалға беріледі
Kyzylorda-news.kz. Ақтөбе облысына Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтік топ келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ақтөбе қаласындағы мектеп директорларымен кездесіп, «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң жобасын, мектептердегі бақылау жұмыстар мен ұстаздардың жалақысы жайын жан-жақты айтып берді.
«Қылмыс, құқықбұзушылықты азайту үшін біз жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруымыз керек. Соның ішінде балалар да бар. Бұқаралық спортпен шұғылданатын адамдар санын 30 пайызға жеткізу тапсырмасы тұр. Жыл соңына дейін бұл тапсырма орындалады. Бастысы – спорт нысандарының ішін толтыру. Қазақстанда мәдени, спорттық нысан жеткілікті. Тек оның ішін толтыру мәселесі қалды. Мәселен, еліміздегі мектептертің 86 пайызында спорт, мәжіліс залы бар. Өкінішке қарай, олар кешке жақын, демалыста жұмыс істемейді. Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі бірігіп, шешім қабылдады. Оларды пайдалану керек», - деді Бердібек Сапарбаев.
Еліміздің бас ұстазы Асхат Аймағамбетовты мұғалім мен ата-ана арасындағы байланыстың әлсіздігі алаңдатады.
«Көп мектепте бұл мәселе ашық күйінде қалып отыр. Ата-ана бөлек, мектеп өзге. Ата-ана мектеп шешу керек десе, мектеп ата-анаға ысырады. Екі ортада бала қалып тұр. Жиналыстарға ата-аналар келмейді деп те айтады. Сондықтан форматты өзгертіп, жалпы тәрбие жұмысын жандандырған жөн. Өз-өзіне қол жұмсау, құқықбұзушылықты кешенді түрде шешу қажет», - деді Асхат Аймағамбетов педагогикалық қауыммен кездесуінде.
Мектеп директорларымен кездесу кезінде спорт залдарды көпшілік қолданысына беру жайына да тоқталды. Алдағы уақытта мектептердегі спорт залдар жалға беріледі.
«Жалға алатын адам ақшаны бюджетке емес, сол мектептің шотына аударатын болады. Тиімді шешім осы», - деді министр.