Қызылордада жұқпалы аурулар тіркелмеген

«2019 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыс тұрғындары арасында жұқпалы аурулардың түрлері құрөзек, сіріспе, көкжөтел, полиомиелит, іш сүзегі, туа біткен қызамық ауруы, қызамық, гемофильді инфекция жағдайлары орын алған жоқ. Мұнан өзге, тұмауға қарсы екпе егу үстіміздегі жылдың 1 қазанынан бастап жергілікті емханаларда жүргізілуде»,- деді Ғалия Бәйменова.
Департамент басшысы өнімдердің қауіпсіздігін қадағалауда санитариялық – эпидемиологиялық сараптамаға 2824 өнім сатып алынғанын айтты. Ол сынаманың 77 пайызы (2167) - тағам өнімдері. Сараптаманың қорытындысы бойынша кондитерлік өнімдерде, сүт және ет өнімдерінде сәйкессіздіктер анықталған. Сондай-ақ, микробиологиялық сәйкессіздіктер бойынша 18 нысанға тексеру актісі тағайындалып, жоспардан тыс зерттеу жұмыстары жүргізілген.
Брифингте ауыз су сапасы да қозғалды. Ғалия Әбсадыққызы су сапасын қадағалауда микробиологиялық зерттеуге 908 сынама алынып, оның 33-нен сәйкессіздіктер анықталғанын жеткізді.