Қызылордада Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан 2 адам қайтыс болды
Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыстағы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша эпидемиологиялық ахуал туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында шұғыл брифинг өтті.
Оған Қызылорда облысы тауарлар мен қызметтердің сапасы қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғалия Байменова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов және облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шаменов қатысты.
«Қазіргі таңда екі жағдайға байланысты ақпарат берейін. Біріншісі Тасбөгет кенті, Сабалақ елді мекен тұрғыны 85 жылғы туылған Е. Р облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына 22 маусымда түсіп, 23 маусым күні қайтыс болған. Бұл науқастың диагнозы КҚГҚ ықтималды болжамды жағдайы болған. Тиісті зертханалық тексерулер жүргізілуде, диагнозы толық нақтыланған жоқ. Екінші жағдайға тоқталсам, Шиелі ауданы, Досбол би ауылының 90 жылғы туылған Р. М тұрғыны 15 маусымда Шиелі ауданының ауруханасына түсіп, 24 маусым қайтыс болған. Диагнозы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша нақтыланған жағдай. Науқасқа тиісті емнің барлығы көрсетілген», - деді Ғалия Байменова.
Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметовтің айтуынша, науқастарға дер кезінде тиісті медициналық алгоритмге байланысты емдік клиникалық хаттамаларға сәйкес емдеулер мен тексерулер тағайындалып, қажетті көмек, шаралар көрсетілген.
Брифинг барысында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Е. Әпетов эпидемиологиялық маусымда жүргізілген жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.
«2019 жылдың эпидемиологиялық маусымына аталған аурудан 123 елді мекен қолайсыз болып анықталған. Барлық аудандар мен Қызылорда қаласында басқарма мамандары қолайсыз елді мекендерде мал қораларының механикалық тазалануына зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізді. 2019 жылдың көктемгі эпидмаусымында қолайсыз елді мекендерде мүгедек, әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға мал қораларының механикалық тазалануына арнайы техникалармен және асар әдісімен көмек көрсетілді»,- деп атап өтті облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов.