ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР КӨРСЕТКІШІ ТӨМЕН
Қызылорда облысында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жұқпалы аурулары аурушандық көрсеткішінің 13 нозологиясы бойынша ауру деңгейі төмендеген.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұлболсын Аханаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, облыс көлемінде 2018 жылдың 8 айының қорытындысымен жұқпалы аурулардың эпидемиологиялық ахуалы «қолайлы» болып қалыптасқан.
Тұрғындар арасында туляремия, күйдіргі, сал, тырысқақ, іш сүзегі, қылау, оба, қызылша, қызамық, көкжөтел, сіріспе, жіті вирусты гепатит Д, Е, малярия, лептоспироз, листериоз, вирусты кене энцефалиті, иерсиниоз, безгек, қүл, құтыру, гименолепидоз, трихинеллез, висцеральды лейшманиоз, тері лейшманиозы, иерсиниоз аурулары тіркелмеген.
Есепті мерзімде жедел вирусты гепатит А ауруының 21 жағдайы тіркелген, ауруға шалдыққандардың 62 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар.
Облыс бойынша жедел вирусты гепатит А ауруының эпидемиологиялық ахуалын тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету мақсатында жергілікті бюджеттен 238,9 млн. теңге бөлініп, 47900 доза вакцина сатып алынды.
Бүгінгі таңда жедел вирусты гепатит А ауруына қарсы жоспарлы түрде, яғни 2 жастағы 8066 балаға профилактикалық егулер жүргізіліп, қамту көрсеткіші 74 пайызды құрады.
Ошақтарда індеттік көрсеткіштерге сәйкес науқастармен байланыста болған 1395 мектеп оқушысы және үй жағдайындағы 50 балаға екпелер жүргізілді.
Биылғы жыл басынан бастап облыс бойынша менингококк инфекциясының 3 жағдайы тіркелді. Оның барлығы Жаңақорған ауданында. Оның біреуі – ересек адам, екіншісі – студент, ал үшіншісі – мектеп оқушысы.
3 жағдайдың 1-і серозды менингит диагнозы ауыстырылса, 2-іне менингококцемия диагнозы қойылып, есепке алынды. Ауру тіркелуіне байланысты Жаңақорған ауданында облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, жергілікті ҚДСБ және облыстық денсаулық сақтау сала мамандарымен бірлесіп, кешенді санитариялық-профилактикалық және санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырды.