Келесі жылдан бастап кәсіпкердің патент алуы қиындайды
Kyzylorda-news.kz. Жаңа жылдан бастап Салық кодексінде жеке кәсіпкерлерге қатысты бірқатар өзгеріс күшіне енеді, деп жазады «Айқын» газеті.
Мәселен, 2018 жылы кейінге қалдырылған жеке кәсіпкерлермен патент негі-зінде арнаулы салық режимін қолдану бойынша талаптардың өзгеруі.
Мемлекеттік кірістер комитеті Кәсіпкерліктің жеке түрлеріне салық салу басқармасының басшысы Гүлмира Смағұлованың айтуынша, Салық кодексіндегі өзгеріске сәйкес, патентті қолдану құқығы бойынша көрсетілетін қызмет түрлерінің (32 қызмет түрі) тізімі қысқарып, жарияланады.
«Салық кодексінде 12 түрлі қызметке патентті қолдануға шектеу қарастырылған. Мұндай қызмет түрлеріне жер қойнауын пайдалану, ак-цизделетін тауар өндiру, консультациялық қызмет көрсету; сақтандыру брокері мен сақтандыру агентінің қаржыландыруы, сақтандыру қызметі және делдалдық қызмет жатады. Мұндай шектеудің мақсаты – бейресми еңбек қатынасын болдырмау және нақты кірістерді жасыруға жол бермеу. Бұл өзгерістер көлеңкелі бизнесті жария етіп, жалдамалы жұмысшыларды заңдастыруды көздейді. Халықаралық тәжірибеге сай, ұсақ қолөнершілерге қойылатын салықтық тәртіп негізінде кірісті қадағалауды және жалдамалы жұмысшыларды бақылауды күшейтуге мүмкіндік туады. Мысалы, биыл патент алған 268 кәсіпкердің 55,7 пайызы (148 953 жеке кәсіпкер) сауда саласында қызмет көрсетті. Олардың 55 пайыздан астамы аталған қызметті Астанада, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда жүзеге асырған», – дейді Гүлмира Смағұлова.
Оның айтуынша, рұқсат етілген тізімге енбеген қызмет түрлерін көрсететін кәсіпкерлер осы жылдың соңына дейін салық төлеу тәртібін өзгертуі керек. Олар 2 түрлі тәртіптің бірін таңдайды, біріншісі –
жеңілдетілген декларация негізіндегі немесе тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық тәртібі, екіншісі – жалпыға бірдей белгіленген тәртіп бойынша салық тәртібі.
Ол үшін не істеуі керек? Салық органдарына электронды (салық төлеушінің кабинеті арқылы) немесе жазбаша түрде салық салу тәртібін өзгерту туралы хабарлама тапсыруы тиіс. Таңдалған салық салу тәртібін көрсету кезінде өзгертудің себебі ретінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап патентті қолдану шарттарына сәйкес келмейтінін хабарлауы тиіс. Егер 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін хабарламаған жағдайда салық органдары салық төлеушілерді жалпыға бірдей белгіленген салық төлеу тәртібіне ауыстырады. Ал шағын бизнес өкілдері үшін осындай жалпы тәртіптен басқа арнаулы салық төлеу тәртібіне ауысуға тек бір жылдан кейін ғана рұқсат етіледі.
«Арнаулы салық тәртібіне ауысудың қандай артықшылығы бар десек, аталған салық тәртібін қолданатын шағын және ұсақ кәсіпкерлік субъектілері Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында айтылған табыс салығынан үш жылға босатылады» дейді ол.
Г.Смағұлова айтуынша, патентпен жұмыс істейтін, жеңілдетілген декларация негізінде жұмыс істейтін, қысқасы, ақшалай есеп айырысуды жүзеге асыратын кәсіпкерлер онлайн кассалық-бақылау аппаратын орнатуы тиіс. Бұл жыл соңына дейін қойылып отырған талап. Биыл 633 қызмет түрі кассалық-бақылау аппаратына кезең-кезеңімен өтті. Жалпы, республика бойынша 540 мың жеке кәсіпкерлердің 513 мыңы онлайн кассалық-бақылау аппаратын орнатып үлгерді, яғни 95%. Қалғандары интернет жоқ жерлерде орналасқан.
Сонымен бірге патенттен басқа салықтық режимге өтетін жеке кәсіпкер мен 2020 жылдан бастап патентпен жұмыс істеуге құқы берілген 32 қызмет түрі де бар. Ал егер нақты ақшамен есеп айырыспайтын кәсіпкерлер кассалық-бақылау ап-паратын алуға міндетті емес екен.
«Қазақстандық кәсіпкерлердің 540 мыңнан астамы кассалық-бақылау онлайн аппаратына өтті. Келер жылы олардың қатарын 400 мыңнан астам кәсіпкер толықтыруы тиіс. Оларды негізінен шағын бизнес және шаруа қожалықтары құрайды. Қазіргі күні олардың арасында кассалық-бақылау жүйесіне көшкендерінің саны 20 пайызға жетпейді. Жыл соңына дейін мемлекет кәсіпкердің кассалық-бақылау машинасын орнатуға жұмсаған шығынының белгілі бір бөлігін өтеп береді. Ол кәсіпкердің жеке табыс салығын азайту есебінен жүргізіледі. Мысалы, егер жеке кәсіпкердің жеке табыс салығы 150 мың теңгеден жоғары болса, оның 60 мыңы кешіріледі. Яғни, 50% аспайтын онлайн БКМ құнының. Ал 100 мың теңгеге дейін жеке табыс салығын төлеушілерге соманың жартысына 50 мың жеңілдік жасалады», – дейді Гүлмира Әмірғалиқызы.
Оның айтуынша, қаржылай есеп айырысатындарға қойылған онлайн кассалық-бақылау машинасын орнату талабы интернет желісі тартылмаған өңірлердегі кәсіпкерлерге ғана жүрмейді.