Қызылордада көлік жүргізу құқығынан айрылған 360 жүргізуші масаң күйде көлік жүргізіп келген
Kyzylorda-news.kz. Қазіргі уақытта Қызылорда облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының және Қызылорда қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша ұйымдастыру жұмыстарын және де облыс аумағында мас жүргізушілермен белсенді күрес жүргізуде.
Жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Жаяу жүргінші», «Абайлаңыз – балалар!» және т. б. іс-шаралары жүйелі түрде жүргізілуде.
Облысымызда 10 ай көлемінде атқарылған жұмыстар нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен (автокөлікті масаң күйде басқарудың) – 1288 дерегі, ҚР ӘҚБтК-нің- 596-бабымен (қарсы бағытқа шығудың) – 360 дерегі анықталды.
Сонымен қатар, қазіргі таңда жүргізу құқығы жоқ бола тұра автокөлікті масаң күйде басқару деректері жиілеп орын алуда. Осыған дәлел жыл басынан ҚР ҚК-нің 346-бабымен басқару құқығынан айырылған адамның масаң күйде көлік басқарудың 360 дерегі анықталды.
Мысалы, ағымдағы жылдың 3 қыркүйегінде Хон Бен До көшесінде облыс орталығының 24 жастағы көлік жүргізушісі соттың шешімімен көлік құралын жүргізу құқығынан 3 жылға айырылғанына қарамастан автокөлікті алкогольдік масаң күйде қайта басқарған.
Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен, яғни көлік құралын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полицейлер облыс тұрғындарын жолда ерекше жауапкершілік туралы ескертеді.