ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ ҰДАЙЫ НАЗАРДА ТҰРАДЫ
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қоғамдық қабылдау өткізді.
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалында өткен қоғамдық қабылдауға Қуаныш Сұлтанов, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Абзал Ералиев, Балайым Кесебаева, Мұхтар Ерман, Геннадий Шиповских сынды халық қалаулылары қатысты.
Алдымен он баланы өсіріп отырған ана Зейнеш Алжимбаева «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін жеңілдіктер туралы сұрады. Өз кезегінде оларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардан бөлек, тұрғын үймен қамту жағдайы да назарға алынса деген ұсынысын білдірді.
Депутаттар алтын құрсақты ананың орынды ұсыныс жасап отырғанын тілге тиек етті.
– Басқа аймақтарға қарағанда Қызылордадағы тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары. Мұны біз теледидардан да көріп, баспа бетінен де оқып жүрміз. Қазір бұл облыстың даму әлеуеті жоғары, – деді Мәжіліс депутаты Б.Ізмұхамбетов.
Мұнан соң Нұржамал Нұржанова есімді қала тұрғыны ажырасып кеткен күйеуінен алимент өндіріп беру туралы көмек сұрады. Оған өтінішті жазбаша беру қажеттігін айтқан депутат Б.Кесебаева керекті көмектің берілетінін жеткізді.
Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың қатарында Ауған соғысының ардагері, облыстық «Ерлік» үйлестіру кеңесінің төр¬ағасы Қайриддин Баймаханов та бар. Ол жастар арасында әскери патриоттық тәрбие беру жайын қозғады. Бұл мәселеге тікелей жауап берген депутат А.Тасболатов елімізде 2000-ға тарта әскери ұйым бар екенін айтып, жастар тәрбиесіне ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, қала тұрғыны Болат Нұрқожаев облыс бойынша сағаттық белдеу шекарасын қалпына келтіру жөнінде ұсыныс білдірсе, «Невада-Семей» ардагерлері облыстық кеңесінің төрағасы Сәбит Әбіш Семей полигоны зардабын жоюшыларға жеңілдік беруді шешуге ықпал жасауды сұрады.
Халық қалаулылары тұрғындар көтерген мәселенің барлығы да назарда болатынын жеткізді.