Тұрғын үй құрылысы бойынша қай өңірлер қаражатты игере алмады?
Kyzylorda-news.kz. Елордада құрылыс қарқынының төмендеуі салдарынан республика бойынша жылдық жоспар орындалмауы мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Республика бойынша жылдық жоспар 13 млн шаршы метрді құрайды. Дегенмен, 10 айдың қорытындысында Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны 35,8 пайызға төменуіне байланысты жоспарланған көлемге жете алмай қалуымыз мүмкін», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Оның айтуынша, биыл тұрғын үйлерді уақытылы пайдалануға беру үшін құрылыс алаңдарына инженерлік-коммуникациялар өткізуге 77,3 млрд теңге бөлінді. 10 айдың қорытындысы бойынша, қаржыландыру жоспарына сәйкес өңірлерге 59,3 млрд теңге аударылды. Оның 56,3 млрд теңгесі немесе 96 пайызы игерілді.
«Түркістан, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында қаражаттың игерілу көрсеткіші төмен. Сот процестері мен жобалау-сметалық құжаттаманың түзетілуіне байланысты бірқатар өңір бөлінген қаражатты жылдың соңына дейін қайтаруды жоспарлап отыр. Сатып алусыз жалға берілетін баспана бойынша жобаларды іске асыру кезінде Павлодар, Маңғыстау, Атырау облыстарының әкімдіктері бөлінген қаражатты толық игермеді», - деді министр.