Зейнетақы жинағына баспана алуға бола ма?
Kyzylorda-news.kz. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинағын баспана мен білім алуға жұмсауға мүмкіндік беретін нақты тетіктер келесі айда жарияланатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір көптеген ұсынысты қарап жатырмыз. Жоспарымыз бойынша, алдағы желтоқсан айында біз ұстанымға келіп, сол жұмысшы топтың Президентке ұсынысын беруіміз керек. Әзірге бірыңғай шешімге келген жоқпыз. Біздің елімізде 10 миллионға жуық зейнетақы есепшоты бар.
Жалпы, салымшылардың саны да 10 миллион деуге болады. Жиналғаны – 10 триллион теңге. Халықтың 70 пайызының жинаған зейнетақысы – 1 миллион теңгеге дейін ғана. Сондықтан, бұл мәселенің қиындықтары бар», - деді министр Үкіметтің баспасөз орталығында.
Министр бұл ретте зейнетақы жинағы әр адамның зейнетке шыққаннан кейінгі өміріне жетуі керектігін атап өтті.
«Түпкі шешімдерімізді желтоқсан айында еститін боласыздар», - деді Біржан Нұрымбетов. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке азаматтардың зейнетақы жинақтарын баспана алуға жұмсауын реттеуді тапсырған болатын.