Басқарудың үш стилінің қайсысын таңдайсыз?
Kyzylorda-news.kz. Ел басқаруда болсын, отбасы деген шағын мемлекетті басқаруда болсын, үлкен компанияны басқаруда болсын, кез келген бастық басқарудың үш стилінің бірін таңдайды.
Демократия немесе алқалы басқару стилі
Бұл стиль ұжыммен тығыз қарым-қатынас орнатумен байланысты. "Демос" деген сөздің мәні халық билігі екенін мектеп кезінен білеміз. Демократия режимінде әлеуметтік топтағы әр адам өз ісіне жауапты және маңызды шешімдерге тең дәрежеде үн қоса алады.
Бастықтың орынбасары мен жоғары лауазымды қызметкерлер ғана емес, бір ортада қызмет ететін тұлғаның барлығы бірдей басқару үдерісіне қатысуға құқылы. Барлығының пікірі маңызды. Компания үшін маңызды шешім қабылдау керек болса, алдын ала барлығын құлағдар қылып, ақылдасып отырып, бірлесе үкім шығарады. Бұл қатардағы қызметкерлерді де жігерлендіре түседі.
Ұжымда жағымды атмосфера орнайды. Әр қызметкер өзін үлкен механизмнің маңызды бөлшегі санайды, яғни әрқайсысының өзіндік орны бар, бірі болмаса, басқа жұмыс тоқтап қалады. Демократия ұйымның қиын жағдайдан да оңай шығып, тез алға басуына мүмкіндік туғызады. Бұл стильдің бір ғана кемшілігі – бастық әр қызметкерінің тілін табуы үшін, оларды зерттеуге ұзақ уақытын жұмсайды.
Тоталитар, өктем не бағдарлы стиль
Аты айтып тұрғандай бар билік тұтастай тек бастықтың қолында болады. Басқару ісіне қызметкерлер еш араласа алмайды. Бұл стиль арқылы қатаң тәртіп орнатуға болады. Еңбек шартын бұзған қызметкерді қатаң жаза күтеді. Қателігі үшін бастық оған сөгіс жариялайды не айыптайды. Бұл жерде ешқандай қызметкердің пікірі маңызды емес. Барлық жұмыс процесі нұсқаулықтармен бекітіледі. Қызметкерлер басшылықты әр басқан қадамынан хабардар етіп отыруы тиіс. Өктем стиль компаниядағы дағдарыс кезеңін тез арада артта қалдыруға көмектеседі.
Басқарудың бұл түрі басшының біраз уақыт жұмсауын талап етеді. Егер ұжымның ауқымы кеңейіп, қызметкерлер саны көбейсе, олардың барлығын бірдей ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстау оңай болмайды. Осындай себептерге байланысты кей мәселелерді шешуге бірнеше күн қажет, жеделдік жоғалады. Бұл стильдің кемшіл тұсы – егер бастықтың қабылдаған шешімі қызметкерлеріне ұнамай қалса, бірнеше жақсы маманынан айырылып қалу қаупі туады, яғни бір мезгілде бірнеше адам өз еркімен жұмыстан шығып кетуі мүмкін. Сол себептен қатып қалған нұсқаулықпен ғана жүрмей, қабылданған шешім қандай нәтиже берерін зерттеп алған жөн.
Анархия не либерал стиль
Бұл басқару түрі ұжымға толықтай еркіндік береді. Бұл ұйымда сағаттан сағатқа созылған жиналыстарға орын жоқ, сол себептен қызметкерлердің жұмыс өнімділігі де арта түседі. Тек қызметкерлерге арналған белгілі бір стандарттар ғана бар. Басқарушыға кім қалай жұмыс істеп жатқаны еш маңызды емес, тек уақытылы жақсы нәтиже көрсете білсе болғаны. Бұл жауапкершілігі мол, шығармашылыққа жаны жақын адамдарға таптырмас жұмыс. Анархия стилі ұжымдағы жүгенсіздікке, тәртіп жоғалуына себеп болуы мүмкін, алайда кей қызметкерлер басшы тарапынан қысым көрмеген жағдайда, керісінше, еркін түрде жақсы жұмыс істеуі мүмкін.
Басқарудың қанша түрі болса да, жақсы басшы әр іске икемді болып, әр стильден өзіне қажеттісін алып, қажетсізін қоқысқа салып отыруы керек. Тек бір стильден екінші стильге ақырындап, байыппен көшу керегін естен шығармаса болғаны.