Қызылордадағы автобус апаты: Жансақтау бөліміндегі адамдардың жағдайы әзірге белгісіз
Kyzylorda-news.kz. Бүгін таңғы сағат 04:30 шамасында «Қызылорда-Құмкөл» тасжолында жолаушылар автобусы аударылды. Оқыс оқиғаға байланысты Өңірлік коммуникациялар орталығында брифинг өтті. Белгілі болғандай, автобус ішіндегі жандар «Саутс-Ойл» мұнай компаниясының жұмысшылары болған. Брифинг барысында Қызылорда облыстық Полиция департаментінің бірінші орынбасары Шамшидин Амитов оқыс оқиғаның мән-жайын баяндады.
«3 желтоқсан күні Шымкент қаласына бет алған автобус жол көлік оқиғасына ұшырады. Оқиға барысында 7 адам апат кезінде қайтыс болса, бір адам жедел-жәрдем көлігінің ішінде көз жұмды. Қазіргі таңда 21 адам ауруханаға жатқызылды. Оларға медициналық көмек көрсетілуде», - дейді Шамшидин Амитов.
Оқыс оқиғаның орын алуына автомобиль жолының тайғақ болуы мен ауа райының күрт бұзылуы себеп болған. Салдарынан автобус иесі көліктің рөліне ие бола алмай, автобус аударылған.
Оқиға орын алғаннан кейін барлық күш жұмылдырылып, техникалармен қамтамасыз етілді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабының 4 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда оқиға орнында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қаза болған адамдардың денелері облыс орталығына жеткізілді.
«Облыстық жедел-жәрдем стансасына алғашқы шақырту 04:30 шамасында келіп түскен. Бір сағат ішінде, яғни 05:30-да бірінші жедел-жәрдем оқиға орнына жетті. Жалпы осы апатта 7 жедел-жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Оның 2-і санитарлық авиация желісі арқылы, яғни мамандандырылған шақыртулар. Мұнда травматолог, рениматологтар бар. Бүгінгі таңда 21 науқас ауруханада жатыр. Оның 17-і көпбейінді ауруханаға жеткізілсе, 5 науқас жансақтау бөліміне жатқызылды. Сонымен қатар 4 науқас қалалық ауруханаға жеткізілді. Оның 1-і ренимация, қалған 3 науқас травматология бөліміне жатқызылды. Толыққанды мәлімет алдағы уақытта белгілі болады», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ысқақов.