Елімізде ипотекасын төлей алмағандарды жалғыз баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға тыйым салынбақ
Kyzylorda-news.kz. Қазақстанда проблемасы бар қарыз алушыны жалғыз баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға тыйым салынбақ. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына берген жауабында айтылған, деп хабаралайды ҚазАқпарат.
«Биыл қыркүйекте Үкіметте Ұлттық банктің, Жоғарғы соттың, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің және Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының қатысуымен кеңес өтіп, онда проблемалы қарыз алушыларды жалғыз баспанасынан мәжбүрлеп шығару мәселесі қарастырылды. Аталған фактіні қысқарту мақсатында Ұлттық банк мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп меморандум жасасу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Меморандумда несиеге пәтер алғандарды баспанадан шығаруға тыйым салу, қарыз алушының тұрғын үйден шығарылмастан міндеттемесін орындаудың оңтайлы жолдары бойынша барлық қажетті және қисынды шараларды қабылдау көзделеді», - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Асқар Мамин қолданыстағы заңнамада халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына жататын азаматтарды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салынғанын атап өтеді.