Қызылордада партия төрағасының орынбасары тұрғындарды қабылдады
Kyzylorda-news.kz. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың шешілуін өзінің тікелей бақылауына алды.
Жалпы қабылдауға қала тұрғындарынан бөлек, Сырдария, Жалағаш аудандарынан барлығы 12 азамат келіп өз өтініштерін білдірді. Олардың 3-уі жазбаша түрде.
Көтерілген мәселелерге тоқталсақ, қала тұрғыны А.Ермағанбетова мүгедек баласының сырқатына байланысты медициналық препарат алып беруге көмек сұрады. Аталған препараттың бағасы қомақты қаржыны талап ететіндіктен, бұл мәселені демеушілер арқылы шешу түсіндірілді.
Науқас қызының еміне квота қарастыру мәселесі бойынша қабылдауға келген Г.Алибаеваның өтінішінің оң шешілуіне №2 емхана арқылы ықпал етілді.
Ал азаматша К.Айбакованың Чернобыль апатына қатысқан күйеуі А.Курбановтың пәтер кезегінде біраз жыл болғанымен, әлі күнге дейін ала алмай жүргені туралы шағымы бойынша арнайы комиссиямен тексеру жүргізілетіні ескертілді.
Сондай-ақ, баласын емдету, баспанамен қамтамасыз ету, еңбек дауы, қаржылай көмек беру, жұмысқа орналастыруға ықпал ету жайлы өтініштерімен қабылдауда болған 6 азаматтың өтініші назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетін болды.