Қызылордада инвесторлар тарту жөніндегі өңірлік кеңес отырысы өтті
Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Қ.Ысқақовтың төрағалығымен «Қызылорда облысына инвесторлар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі» өңірлік Кеңес отырысы өтті. Оған банк жүйесінің директорлары мен ірі және шағын кәсіп иелері қатысты.Күн тәртібінде «Казах Кэмел» («Qazaq Camel») серіктестігінің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру» жобасы мен «АБК Промсервис» («ABK Promservice») серіктестігінің «Қызылорда қаласында шыны-пластикалық желілік және сорғы-компрессорлық жоғары қысымды құбырларды өндіру зауытының құрылысы» жобасы ұсынылды.
Өңірлік Кеңестің басты мақсаты – инвестициялық жобалардың шешілмеген мәселелерін қарап, тиімді шешім қабылдау. Биыл Кеңестің 3 отырысы өткізіліп,4 инвестициялық жоба: «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру және инвестиция тарту мен инвесторларды сүйемелдеуге жауапты ұйым, «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының» мәселелері қаралған. Нәтижесінде Жалағаш («Номад Солар» ЖШС) және Шиелі аудандарында («Байқоңыр Солар» ЖШС) күн электр станцияларының құрылыстары басталып, желтоқсан айында іске қосылуы жоспарлануда. Сонымен қатар, Қармақшы ауданындағы құс фабрикасына («Қармақшы құс» ЖШС) электр желілерін жүргізу үшін мемлекеттік бюджеттен 245,1 млн.теңге бөлінген. Ал, «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» инвесторларды сүйемелдеуге жауапты фронт-офис болып бекітілген.
30 қараша мен 1 желтоқсан аралығында өңірдің инвестициялық басты іс-шарасы «Қызылорда: тұрақты өрлеу, инвестициялық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында XI «Baikonyr Invest» форумы өтті. Форум аясында облыстың инвестициялық ахуалы таныстырылып, инвестиция қажет ететін жобалар мен жергілікті тауарөндіруші кәсіпорындардың көрмелері ұйымдастырылған. Нәтижесінде құны 100 млрд.теңгені құрайтын 24 меморандум мен 1 келісім-шартқа қол қойылды.
"Атап өту қажет, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алдағы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасының жалпы ішкі өнімдегі инвестицияның үлесін 2024 жылға қарай 30 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Осыған орай, бүкіл республика бойынша инвестиция көрсеткіші жоғары межемен бекітілді. Біздің облыс 2020 жылы 481 млрд.теңге инвестиция тартуы қажет",- деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
Күн тәртібінде қаралған жобалар аясында өңір экономикасына 3,3 млрд.теңге инвестиция тарту көзделген. Сондай-ақ, жобалар аясында 101 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
"Инвестициялық Кеңес – бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы іскерлік алаңға айналды. Кеңес отырысында қаралған инвестициялық жобалардың өзекті мәселелерінің нақты шешілуі – біздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесі",- деді аймақ басшысы.