АРНАЙЫ МОБИЛЬДІ ТОП ЖҰМЫС ЖАСАУДА
Инвестициялық жобалар мен инвесторларды түрлі жемқорлық тәуекелдерінен қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен әзірленген «Protecting Business and Investments» инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жобасы Сыр елінде жүзеге асырылуда.
Агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов облыс әкімі жанындағы «Инвесторлар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі» өңірлік кеңес отырысында инвесторларды аталған жобамен кеңінен таныстырды.
А. Мұхимов өз сөзінде, жобаның басты мақсаты - инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында инвесторларды түрлі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен қорғау және инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту екендігін айтып өтті.
Осы мақсатта инвестициялық жобаны жемқорлыққа қарсы сүйемелдейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен Ұлттық бюро департаменті қызметкерлерінен тұратын жедел топ құрылған.
Жедел топ тәулігіне 24 сағат және 7 күн бойы жұмыс жасайды және «Қазахинвест» акционерлік қоғамының филиалындағы үйлестірушімен тікелей байланыс орнатылған.
Осыған орай, шілде айында «Казахинвест» қоғамының Қызылорда филиалы мен облыстық Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жанынан инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу фронт офистің ашылуы жоспарлануда.
Фронт офисте инвестор мемлекетпен кепілдік етілген қолдау шараларын алумен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелдерден қорғау шараларымен қамтылатын болады.