ҚЫЗЫЛОРДАДА ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ
Жаңа жылдың алғашқы аптасында Қызылордада мемлекеттік қолдау аясында жаңа «АВГУСТИНА» медициналық орталығы ашылды.
Орталықтың салтанатты ашылуына Қызылорда қаласының әкімі Н.М.Нәлібаев, Қызылорда Қоғамдық кеңестің мүшелері, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» Қызылорда облыстық филиалы және қала тұрғындары қатысты.
- Соңғы жылдары біздің өңірімізде жергілікті инвесторларды тарта отырып, мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында қала халқына қажетті түрлі әлеуметтік нысандардың саны артып келеді.
Қаламызда денсаулық сақтау нысандарының санын арттырып отырғаны үшін жоба жетекшілеріне алғысымды білдіремін және жаңа бастамаларыңызға табыс тілеймін. Жаңа медициналық клиника құтты болсын ағайын! Жаңадан ашылғалы тұрған бұл ғимарат, халықтың игілігі үшін қызмет етсін, – деді қала әкімі Н.Нәлібаев.
«Агрохимсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған бұл жобаның жалпы құны – 550 млн. теңге болса, оның 130 млн. теңгесі Даму қоры арқылы жеңілдетілген несиемен қаржыландырылған.
Компания директоры Сергей Кимнің айтуынша жобаны жүзеге асыру барысында 60 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
- Жобамызды жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін Қазақстан Халық Банкі мен Даму Қорына алғыс айтамын, себебі мемлекеттік қолдау арқасында тиімді несиеге қол жеткіздік. Ендігі жерде медициналық орталық қаламыздың тұрғындарының ойынан шығып, алдыңғы қатарда болады деген ойдамыз - деп атап өтті «Агрохимсервис-С» ЖШС директоры Ким Сергей.