Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҮКІМЕТКЕ ВИЗА МӘСЕЛЕЛЕРІН ЖЕҢІЛДЕТУДІ ТАПСЫРДЫ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҮКІМЕТКЕ ВИЗА МӘСЕЛЕЛЕРІН ЖЕҢІЛДЕТУДІ ТАПСЫРДЫ


    Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында тиімді мемлекеттік басқарудың жолдарын көрсетті.
    «Мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыру қажет. Осыған орай бизнесті реттеуге қатысуды әрі қарай азайтуға бағытталған заң қабылдауды жылдамдату керек. «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді», деді Елбасы.
    Сонымен қатар Мемлекет басшысы табиғи монополия субъектілері көрсететін қызметтерінің сапасын арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру керектігін атап өтті.
    «Олар үшін және энергия өндірушілер үшін инвестициялық бағдарламаларын ескеріп, негізделген тарифтерді белгілеу маңызды. Бизнес-климатты жақсарту үшін батыл іс-қимыл талап етіледі, әсіресе өңірлік деңгейде. Үкімет бизнесті көлеңкеден шығарып, оны қолдауға бағытталған жүйелі шаралардың жаңа пакетін дайындауға тиіс», делінген Жолдауда.
    Ол мемлекеттік органдарға бағынышты ұйымдардың санын қысқарту есебінен жекешелендіру жоспарын кеңейте отырып, оны іске асыруды жеделдету қажет екенін айтты.
    «Әкімшілік шығындарды азайту үшін ведомствоға бағынышты нақты қажетті ұйымдарды мүмкіндігінше біріктіру керек. Босаған қаражатты мемлекеттік қызметшілердің факторлық-балдық шкалаға негізделген жаңа еңбекақы жүйесін енгізуге бағыттау қажет. Бұл орталықтағы және өңірлердегі мемлекеттік қызметшілер жалақысының диспропорциясын қысқартады, сондай-ақ жұмыстың сипаты мен тиімділігі ескерілетін болады», деді Елбасы.
    Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, 2018 жылы орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда осы жүйені енгізудің пилоттық жобаларын іске асыруды тапсырды.
    «Өңірлердегі мемлекеттік қызметтің тиімділік әлеуетін олардың экономикалық дербестігі мен жауапкершілігін арттыру арқылы мейлінше толық ашу керек. Жалпы алғанда, өңірлік саясат өңірлердің шығындарын теңестіруден жеке табыстарының өсімін ынталандыруға бағытталуға тиіс. Атап айтқанда, бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады», деді Мемлекет басшысы.
    Сонымен қатар Үкімет виза мәселелерін жеңілдетуді, инфрақұрылымды дамытуды және туризм саласындағы кедергілерді алып тастауды қамтитын кешенді шаралар қабылдауы керектігін атап өтті.
    «Фискальды орталықсыздандыру аясында шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығын өңірлік бюджеттерге беру мәселесін шешу керек. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленген. 2020 жылдан бастап бұл нормалар барлық елді мекендерде күшіне енеді. Салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты ауыл бюджетіне берілді. Бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік береді», деді Мемлекет басшысы.
    Сонымен қатар мемлекеттік органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режімінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдануға тиіс екенін атап өтті. «Мемлекет пен компаниялар жаңа технологияларды енгізе отырып, өз ақпараттық жүйелері мен құрылғыларының берік қорғалуын қамтамасыз етуі керек», деді Елбасы.
     Бүгінде киберқауіпсіздік ұғымы тек ақпаратты ғана емес, сонымен қатар өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарды басқару тетігін қорғау дегенді де білдіреді. «Осы және өзге де шаралар Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында көрініс табуға тиіс», делінген Жолдауда.

10 қаңтар 2018 ж. 671 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области