СЫРДАРИЯДА ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Сырдария ауданында жыл өткен сайын халықтың әл-ауқаты жақсарып, түйткілді мәселелер шешімін табуда. Соның ішінде, жол мәселесі де тұрақты назарда болып, әр жылы кент орталығында және елді мекендерде көшелер асфальттанып жатыр. Өткен жылы да осы салада жүйелі жұмыстар жүргізіліп, бірнеше көшеге тас жол төселді.
Өткен жылы ауданда жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүрді. Ең бастысы, көп жылдар бойы арман болған Іңкәрдария елді-мекеніне кіреберіс жол асфальтанды. Оған бюджеттен 291 млн. теңге қаржы бөлініп, «Қызылорда жолдары» серіктестігі тас жол төседі. Сөйтіп, іңкәрдариялықтар бүгінде асфальт жолдың салынғанына ризашылықтарын білдіруде.
Бұдан бөлек, 2017 жылы кенттегі 10 көшеге орташа жөндеу жұмыстарына 61 млн. теңге қаржы бөлініп, Қ.Бөдеев, Ақтам-2, Жеңістің 50 жылдығы, Желтоқсан, Қазақ, Жамбыл көшелерімен бірге Жамбыл тұйығы жөнделді. Жұмыстарды сапалы жүргізген «Дорстрой» серіктестігінің жұмысшыларына тұрғындар дән риза. Сонымен бірге, кентке қарасты О.Мәлібаев ауылы бөлігінде орналасқан Т.Қозыбаев, Ақтам, Қызылдихан, Айтбай арық, кенттегі А.Тоқмағанбетов көшелеріне жөндеу жұмыстары жүрді. Сонымен қатар, мұндай жұмыстар А.Тоқмағанбетов, Жетікөл, Қоғалыкөл, Айдарлы ауылдарында да атқарылды.
Жалпы айтқанда, өткен жылы елді мекендерде 14,6 шақырым жол жөнделіп, сырдариялықтар таза жолмен жүріп, алғыстарын білдіріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.