Головкин шаршы алаңға қашан оралады?
Kyzylorda-news.kz. BoxingScene басылымы орта салмақтағы IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (40-1-1, 35 КО) келесі жекпе-жегін қашан және кіммен өткізетінін хабарлады.
37 жастағы қазақстандық былғары қолғап шебері келесі жекпе-жегінде поляк боксшысы Камил Шереметаға (21-0, 5 КО) қарсы өткізуі мүмкін. Бокс кеші Чикаго қаласында өтеді деп күтілуде. Әзірге нақты қай уақытта өтетіні белгісіз. Кейбір дереккөздер Головкин 28 наурызда не сәуір айында шаршы алаңға шығады деп көрсетуде.
Бұған дейін Халықаралық бокс федерациясы (IBF) орта салмақта осы тұжырымның чемпионы, қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий Головкинге (40-1-1, 35 КО) титулға міндетті үміткер Камил Шереметаға қарсы жекпе-жекте белбеуін қорғауды міндеттеген болатын. Ал оған дейін Головкин мен Шеремета жекпе-жек үшін қанша сыйақы алатынын келіскен болатын. Поляк боксшысы бұл жекпе-жек үшін 235 мың еуро сыйақы алмақ. Бұл – оның мансабындағы ең қомақты қаражат.
30 жастағы Камил Шеремета мансабында 21 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Оның бесеуін уақытынан бұрын аяқтаған екен.
Головкин мен Шеремета соңғы жекпе-жектерін өткен жылдың қазан айында Нью-Йорктегі Madison Square Garden кешенінде өткізген болатын. Поляк бокшысы мексикалық қарсыласы Оскар Кортесті нокаутқа түсірсе, қазақстандық былғары қолғап шебері украиналық Сергей Деревянченконы төрешілердің шешімімен жеңді.
Бүгінгі таңда Геннадий Головкин Business Insider басылымының нұсқасы бойынша қазіргі заманның үздік 15 боксшысының қатарына кіреді. Ол рейтингінің үздік ондығына енген. Көштің басын мексикалық Сауль "Канело" Альварес бастаса, екінші орынға украиналық Василий Ломаченко жайғасқан. Үздік үштікті тағы бір украиналық боксшысы Александр Усик түйіндеп тұр.