Қызылордадағы қоғамдық көлік мәселесі партия бақылауында
Kyzylorda-news.kz. Бүгін «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссия мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық Кеңестің бірлескен отырысы өтті.
Отырыстың күн тәртібіне қоғамдық көлік саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыру, партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне азаматтардан келіп түскен өтініштердің оң шешілуі деңгейі және аумақтық комиссиялар мен кеңестердің жұмыстарын күшейту. Сондай-ақ 2020 жылға арналған жұмыс жоспарларын бекітіп, алдағы жұмыстарды айқындау сынды мәселелер ұсынылды.
Отырысқа облыстық партия филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, «Қазпошта» акционерлік қоғамы Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Аида Әбибуллаева, облыстық және қалалық комиссия мен кеңес мүшелері, тиісті облыстық басқарма мен бөлім басшылары, облыстық, қалалық партия филиалының жауапты қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Қызылорда» Автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұржан Ахатов хабарлама жасады.
Иә, қала тұрғындарының басым көпшілігі қоғамдық көліктердің қызметін күнделікті пайдаланады десек қателеспейтін шығармыз. Оның ішінде зейнеткерлер, мектеп оқушылары да бар.
Яғни күнделікті жұмыстағы адам таңертеңгі сағат 6-7 - ден бастап түнгі сағат 20.00-22.00-ге дейін қоғамдық көліктің қызметін тұтынады. Одан кейін сенбі, жексенбідегі демалыс күндері де жеке шаруасының қамымен қала орталығына, базар, сауда орталықтарға қатынайтындар көп. Тұрғындар үшін қоғамдық көлік қызметі басты қажеттіліктің бірі.
Осы орайда, халыққа қызмет көрсету аясында қоғамдық көлік қызметінің сапасын бақылау мақсатында партиялық бақылау комиссия мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық Кеңес тарапынан ай сайын партиялық мониторинг жүргізіліп отыр.
Бүгінгі таңда партияның қабылдау бөлмелері - халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Себебі, көпшілік өзінің мұң-мұқтажын, түйінді мәселелерін қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп, білдіріп жатады. Сондықтан бүгінгі таңда қоғамдық қабылдау бөлмелеріне үлкен талаптар жүктелуде. Осы орайда партияның қабылдау бөлмелеріне келіп түскен өтініштердің нәтижесі жөнінде облыстық партия филиалының Қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Әбдікәрімов баяндап өтті.
Оның айтуынша ағымдағы жылы облыстық партия филиалдарының қоғамдық қабылдауларына тұрғындардан 4908 өтініш түскен. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 1712 өтінішке өскен. Сонымен бірге, 2018 жылдың қорытындысы бойынша тұрғындардан түскен өтініштердің 1135-і немесе 36,5% оң шешімін тапса, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 2041-і немесе 41,6% оң шешімін тапқан.
Жиында қоғамдық қабылдау бөлмелерінде қабылдауларды өткізу кестелеріне талдауларды жүйелі негізде жасап, қабылдаулардың тиімді, сапалы, өз дәрежесінде өткізілуін, қабылдау тәртіптерінің бұзылу жайларына жол берілмеуін қатаң бақылауға алу қажетті тапсырылды.
Жиын барысында қалалық партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық Кеңесінің атқарған жұмыстарының есептері тыңдалып, облыстық партия филиалының Партиялық бақылау комиссиясы мен филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық Кеңесінің 2020 жылға арналған жұмыс жоспарлары бекітілді.