2020 жылы салықтан кімдер босатылады?
Kyzylorda-news.kz. Қымбатты оқырмандар, жыл қарсаңында Мемлекет басшысы 2020 жылдан бастап микро және шағын бизнесті табыс салығынан босататын Жарлыққа қол қойған болатын. Осы орайда, кімдер салықтан босатылады? Жалпы биылғы жылы салыққа қатысты қандай өзгерістер бар? Міне, осы және өзге де сауалдарға Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлдана Таңатова жауап береді.
- Салықтан кімдер босатылады?
- Мемлекет басшысының Жарлығынан кейін Салық Кодексінен туындайтын нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізілді. Өзгеріске сай 2020 жылдың 1 қаңтары мен 2023 жылдың 1 қаңтары аралығында арнайы салық режимін қолданатын тұлғалар, шағын немесе микрокәсіпкерлік субъектілері, соның ішінде бірыңғай жер салығын төлейтіндер табыс салығынан босатылды. Аталған бұл тұлғалар төлем көзінен ұсталатынынан басқа корпоративті/жеке табыс салығы сомасын, жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін қолданушылар әлеуметтік салық сомасын, бірыңғай жер салығы сомасын 100 пайызға дейін төмендете алады. Алайда, жоғарыда айтқан санатқа енетін кәсіпкерлер табыстан салықты есептеуден және мемлекеттік кірістер органдарына салықтық есептілікті тапсырудан босатылмайды. Қалған барлық салықтар мен төлемдер орын алуына қарай төленетін болады.
- Осы жерде нақтылап өтейікші, микрокәсіпкерлер дегеніміз кімдер? Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне кімдер енеді?
- Микрокәсіпкерлер дегеніміз жұмыскерлерінің жылдық орташа саны он бес адамнан аспайтын немесе жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 30 000 еселенген мөлшерінен, яғни 79,5 млн теңгеден аспайтын, жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектілері.
Ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне заңды тұлға құрмаған жеке кәсіпкерлер және жұмыскерлерінің жылдық орташа саны 100 адамнан аспайтын және жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 300 000 еселенген мөлшерінен, яғни 795 млн теңгеден аспайтын, кәсіпкерлікті жүзеге асыратын заңды тұлғалар.
- Ал кімдер салық төлеуден босатылмайды?
- Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызмет, акцизделетін өнімді өндіруді және (немесе) көтерме саудада өткізу қызметі, астық қабылдау пункттерінде астық сақтау жөніндегі қызмет, лотереялар өткізу, ойын бизнесі саласындағы қызмет, радиоактивті материалдардың айналымына байланысты қызмет, банк қызметін (не банк операцияларының жекелеген түрлерін) және сақтандыру нарығындағы қызмет (сақтандыру агенті қызметінен басқа), аудиторлық қызмет, бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызмет, кредиттік бюролар қызметі, күзет қызметі, азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымына байланысты қызмет, Жер қойнауын пайдалану саласында, соның ішінде алтын іздеушілер қызметі, пайдалы қазбаларды өткізу, соның ішінде трейдерлер қызметі, көмір, мұнайды өткізу бойынша қызмет, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін, бензин, дизель отыны және мазутаны бөлшек өткізу, сыртқы экономикалық қызмет көрсететін кәсіпкерлік субъектілері салық төлеуден босатылмайды.
- Кәсіпкерлерге қатысты тағы да қандай өзгерістер бар. Какие еще есть изменения, касающиеся предпринимателей?
- Өзгеріс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты бар. МӘМС туралы Заңның 27,28,29-бабтарына сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық кәсіпкерлер үшін жарналар мен аударымдардың мөлшері өзгертілді. Қызметкерлеріне жалақы төлейтіндер үшін МӘМС ставкалары, сонымен қатар жұмысшылар мен өздері үшін жарналар өсті. Жұмыс берушілердің қызметкерлері үшін төлейтін жарнасы 1,5 пайыздан 2 пайызға көтерілді. Жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары өздеріне жарналарды 1,4 айлық жалақының 5% мөлшерінде, ай сайын төлейді.