Халал қас әрлеудің басқасынан айырмашылығы қандай?

Сұлулық салондарында мұсылман әйелдерге қас әрлеудің халал түрі ұсынылған. Епті кәсіпкерлер өз қызметін осылай түрлендіруде. Ал бұған арнайы сертификат қажет пе?
Халал қас әрлеу шеберінің тұрақты келушілерінің бірі – Қарлығаш Шұнғарина. Салонға айына бір рет барып тұрады. Ол бұл қызмет түрінің денсаулыққа ешқандай зиян тигізбейтініне және ислам қағидаттарына еш қайшы келмейтініне нық сенімді.
«Әлияның қызметіне жүгініп жүргеніме екі жылдай болды. Біріншіден, оның халал сертификаты бар. Дінімізде қас жұлуға болмайтындықтан, мен осы қызмет түрін пайдаланып келемін», - дейді қала тұрғыны Қарлығаш Шұңғарина.
Әлия Қайранбаева халал қас әрлеумен екі жылдан бері айналысып келеді. Осы кәсіпті нәсіп етуі үшін ол Мәскеуден арнайы сертификат алып, екі күнге созылған арнайы курс үшін 2 миллион теңге төлеген. Осылайша, қазір оның қолында тиісті сертификаттың барлығы бар. Әлияның айтуынша, оның қас әрлейтін бояуларының құрамында спирт пен шошқа майы жоқ.
«Бұл өнім Үндістанда өсетін қынадан жасалады. Сапасы Ресейдің Мұсылмандар одағының мамандары берген сертификатпен расталған», - дейді қас әрлеу шебері Әлия Қайранбаева.
Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, дінде қас бояуға қатысты нақты тыйым жоқ. Алайда көрсетілетін қызметтің ашықтығын жіті тексеру керек.
«Егер ислам қағидаттарына қайшы келетін доңыздың майы секілді қоспалар қосылмаған болса, онда халал сертификаты беріледі. Оны пайдалануға, сатуға рұқсат беріледі. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы тарапынан берілген сертификаттың өзінің арнайы белгісі бар», - дейді Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Халал қас әрлеу сертификатының қаншалықты заңды екенін Ресей Мүфтилері кеңесінің «Халал» Халықаралық стандарттау және сертификаттау орталығының Қазақстан аумағындағы тікелей өкілдігі саналатын Қазақстанның Халал индустриясы қауымдастығынан сұрадық.
«Қас жұлу, тырнақты өсіру ешқандай халал стандартқа да, дін шартына да жатпайды. Пайғамбарымыз бұл мәселені, тіпті қарғаған. Сол себепті бұл мәселеде өте сақтық керек», - дейді «Қазақстанның халал индустриясы қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаев.
Анықтағанымыздай, халал сертификатын сұлулық салондары ғана емес, дәмханалар мен мейрамханалар да, қонақ үйлер мен басқа да қызмет көрсету орындары ала алады екен. Ал оның біртұтас стандарты болмағандықтан, тұтынушылардың 100 процент халал-өнімге қол жеткізетініне ешқандай кепілдік жоқ.