Шетел азаматтарын тіркеу ұғымы жойылды: енді жауапкершілік кімге жүктеледі?
Kyzylorda-news.kz. Елде шетелдіктерді тіркеу ұғымы жойылды. Жаңа заңнамаға сәйкес, биылдан бастап шетелдіктер 30 күн бойы елде тіркеусіз жүре алады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сағындық Қамитбеков айтып өтті.
«Шетел азаматтары 30 күнтізбелік күн тіркеусіз елде болуы мүмкін. Шекарада бұрын болған көші-қон картасына толырудың қажеті жоқ. Көші-қон карталары айналымнан толық алынды. Бұл дегеніміз, Қазақстанға кіру кезінде шетелдік азамат шекаралық бақылау орнында 30 күнге дейін есепке автоматты түрде қойылады. Оның паспортына елге келу күнін белгілейтін күні мөртаңба қойылады», - дейді Сағындық Қамитбеков.
«Халықтың көші-қоны туралы» ҚР заңына енген өзгеріс бойынша енді шетел азаматы полицияға тіркелуінің қажеті жоқ. Оның орнына қабылдаушысы, яғни жеке және заңды тұлғалар 3 тәулік ішінде көші-қон қызметіне хабарлауы қажет.
Ішкі істер органдарына хабарлау үш тәсіл бойынша жүзеге асады.
1.Визалық көші-қон порталы арқылы;
2.Электрондық үкімет порталы. Егер сіз осы жолды таңдасаңыз, онда қабылдаушы тарапқа электрондық цифрлық қолтаңба жеткілікті.
3.Жазбаша хабарлауға болады. Бұл үшін қабылдаушы тарап шетелдік азаматтың келгені туралы жазбаша хабарлай отырып көші-қон қызметіне жүгінеді. Өтініш еркін нысанда жазылады.
Шетелдік 30 күннен кейін не істеуі қажет?
Шетелдік азаматтың республика аумағында жүргеніне 30 күн толғаннан кейін оның Қазақстанда қандай мақсатта жүргені хабарлануы тиіс. Ол бір айдан соң Қазақстанда қалуы үшін қабылдаушы тарап оның еңбек шартымен жұмыс істеу, білім алу және ем алу үшін келгендігі жөнінде айтуы тиіс. Шетелдік уақытша тұруға рұқсат ала отырып, елде бір жыл қалуға рұқсат алады. Ол үшін еңбек қызметін заңдастыру, жергілікті атқарушы органның рұқсаты, оқу немесе емдеу мекемесінің қолдаухаты болу керек. Ең ұзақ мерзім – бір жыл. Алайда оның елде қалуы қабылдаушы тараптың өтініші бойынша жүзеге асады.
Шетелдік азамат ел аумағына келгеннен кейін оның тіркеуге тұруы секілді жауапкершілік қабылдаушы тарапқа жүктеледі.
Динара МАХАНОВА