ОБЛЫСТЫҚ АССАМБЛЕЯ АКТИВІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Достық үйінің мәжіліс залында Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған Бірыңғай республикалық күні аясында облыстық ассамблея активінің отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким, облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешова, облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топ мүшелері, этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңесі, жастар қанаты, ғылыми-сарапшылық топ, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы, облыстық, қалалық қоғамдық келісім кеңесі, қаладағы кәсіби және кәсіби емес медиаторлар және БАҚ өкілдері қатысты.
Актив отырысының модераторы облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Бегалықызы болды. Маңызы жоғары жиынның алғы сөзін облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким алды.
– Жолдауда Президент жүзеге асырылуы тиіс 10 бағытты айқындаған. Бірінші кезекте Елбасы индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы керектігіне тоқталған. Заманауи технологияларды құрылыс саласында да пайдалану аса маңызды. Бұл халықтың баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Президент мәлімдемесінде қаржы секторын жаңарту қажеттілігі айтылды. Бұл қадам еліміздегі банк секторын жандандырады. Елбасы адам капиталдың сапасын арттыруды да сөз етті. «Халыққа сапалы білім алуы үшін, сапалы медициналық қызмет көрсетуі үшін барлық жағдай жасалуы керек», - деді Президент. Тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлыққа күрес және заңның үстемдігі – Жолдаудағы негізгі басымдықтар болып отыр,- деді облыс әкімінің орынбасары.
Облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қуаныш Дәуренбеков, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының мүшесі, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің аға оқытушысы, филология магистрі Талғат Телеубаев, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Александр Подольских, «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Галина Щербакова, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Александр Абанин, «Бітім» медиация орталығы» қоғамдық бірлестік медиатор жабдықтырушысы Ләззат Бақтыбаева ойларын ортаға салды.
Жиынға қатысушылар Елбасының кезекті Жолдауының негізі бағыттары туралы айтып, ауқымды тапсырмаларды жүзеге асыру жолдары мен оның басымдықтарына тоқталды. Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім, сананы жаңғырту, жаңа заманға сай болу жолындағы маңызы жоғары мәселелер талқыланып, қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылды. Кездесу пікір алмасуға жалғасты.
Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі