Қазалы ауданында жолда адасқан тұрғындар құтқарылды
Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында ауа райының қолайсыздығынан адасып кеткен тұрғындар табылды.Абай ауылынан 45 шақырым жерде Жұбан елді мекеніндегі шаруа қожалығынан шыққан бір отбасының 4 мүшесі аудан орталығына оралмаған. Бұл отбасының туыстары полицияға хабар бергеннен кейін 2 жедел-іздестіру тобы құрылып, полиция қызметкерлері өз міндеттерін атқарды.
«Қазалы ауданы Полиция бөлімінің қызметкерлерінің түні бойы уақытпен санаспай, қырағылық танытып, өз қызметтік міндеттерін адал атқару барысында, таңғы сағат 7-де Қуан ауылынан оңтүстікке қарай шамамен 250 шақырым жерде жоғалып кеткен тұрғындар табылды» - делінген полиция департаментінің таратқан дерегінде.
Тұрғындар ауа райының күрт бұзылуына байланысты бағытынан адасып қалған. Отбасы мүшелері дін аман үйіне жеткізілді.
«Біз «УАЗ» автокөлігімен отбасылық шаруа қожалығымыздан кеш бата аудан орталығына жолға шығып, адасып кеттік. Жанымда қайын інілерім, 3 және 4 жастағы немерелерім болды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан өз міндеттерін адал атқарған полиция қызметкерлеріне шексіз алғысымды білдіремін», - дейді Қазалы ауданының тұрғыны Әлия Мұқанғалиева.
Айта кеткен жөн облыс аумағында қолайсыз ауа райы сақталуда. Жолдардағы желдің ұйытқуы, көктайғақ барлық жол қозғалыс қатысушылары үшін қауіпті. Осыған орай, тәртіп сақшылары қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, жолда мұқият болуды ескертеді.