Агенттік өкілдері мемлекеттік қызметшілерді еріктілер қызметін дамытуға шақырды
Kyzylorda-news.kz. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова еріктілер жылы аясында мемлекеттік қызметшілер арасында «Игі істер уақыты» басталғанын хабарлады.Агенттік төрағасы еріктілер қозғалысын дамытудың маңыздылығын атап өтіп, мемлекеттік қызметшілерді белсенді қатысуға шақырды.
«Биылғы жыл, өздеріңізге белгілі еріктілер жылы деп Президентіміз бастама жасады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі де өз үлесін қоспақ. Біз бүгін қала тазалығына үлес қосып саябақты қардан тазарттық. Мен басқарып отырған агенттік өкілдері қоғамдық жұмыстан қалыс қалған емес. Биылғы атаулы жылға да бір кісідей, ауызбіршілігімізді танытып, ат салысамыз.
Әлемде өте үлкен компанияларға жұмысқа тұру кезінде еріктілер ретінде қызмет істеген бе істемеген бе соған да байланысты. Яғни кәсібі біліктілігімен қатар оның адамгершілік, мейірімділік қасиеттеріне баса назар аударады.
Біздің Агенттік осы жылдың аяғына дейін әр апта сайын халыққа, қоғамға жақсы әсерін тигізетін бір істер жасайтын болады. Сондықтан осы жылды тек қана еріктілер жылы емес, игі істер уақыты деп білеміз. Қазақстандағы барық мемлекеттік қызметшілерді қатарымызға қосылуға шақырамыз. Егер біз барлығымыз ат салысатын болсақ, біз үлкен күшпіз және үлкен жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын», - дейді агенттік төрағасы.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Жеңіс пен Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысында орналасқан «Ақжайық» саябағы бір жарым гектарды алып жатыр. Ұлы Отан соғысының батыры Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған саябақты Астана қаласының 20 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысы салған. Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы. Қала тұрғындары ағымдағы қыста қар құрсауында қалған саябақтың жүгіру алаңын белсенді пайдаланады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қызметкерлері қала тұрғындарына саябақ аумағын кедергісіз өтуге мүмкіндік беретін барлық периметрі бойынша жүгіру алаңын қардан тазалады.
Бұдан бұрын, агенттіктің елордалық департаментінің қызметкерлері толассыз жауған қардан кейін жеке секторда тұратын жалғыз басты қарт адамдарға қарды тазалауға көмектесті. Сол кезде ұжымның әйелдер қауымы таңертеңнен ауа райының қолайсыздығына қарсы күреске шыққан коммуналдық қызмет қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз етті.