Жалағашта білім қызметкерлерінің форумы өтті
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Жалағаш ауданында еріктілер жылы аясында білім саласы қызметкерлерінің «Біз біргеміз – берік іргеміз» атты аудандық форумы өтті.Оған аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық білім басқармасының тәрбие және өзін-өзі тану бөлімінің басшысы Мәди Бекмағанбетов, Сырдария ауданының волонтерлар жетекшісі, мектеп басшылары, оқушылардан құралған волонтерлар тобы, БАҚ өкілдері қатысты.
Форум аясында «Таза әлем» жобасымен тұрмыстық қалдық өнімдерін жинау арқылы тазалыққа бей-жай қарамайтын еріктілер тобының жұмысын насихаттау үшін №38 орта мектеп оқушысы Мәди Бижан, «Қауіпсіз жол» акциясы негізінде аудан мектептерінің «Жас жол инспекторларынан құралған волонтерлар тобының жұмыс нәтижелерімен Дидар Өмірзақ, «Саулық» бағыты бойынша денсаулық сақтау саласымен бірлесіп жасалып жатқан «Салауатты өмір салтын сақтайық» акциясының маңыздылығы туралы Аружан Нұрадин, оқушылардың қолынан жасалған қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырып, өздерінің бұйымдарын ерекше білімді қажет ететін оқушылардың туған күніне, мерекелік қайырымдылық жасау бағытында шаралар өткізіп келе жатқан №201 мектеп-лицейінің волонтерлар тобының жетекшісі Еркінқызы Нәзия, төтенше жағдайлар, орман шаруашылығы мекемелерімен бірлесіп қауіпті аймақтарға белгілер ұйымдастырып келе жатқан волонтерлар тобы атынан Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей оқушысы Инабат Тыныштықбай сөз сөйлеп, бейне-ролик арқылы жүргізілген жұмыстарын көрсетті.
Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық білім басқармасының тәрбие және өзін-өзі тану бөлімінің басшысы Мәди Бекмағанбетов сөз сөйлеп, белсенді жастарға сәттілік тіледі. Форум соңында еріктілер жылының эстафетасын Жалағаш ауданы Сырдария ауданына табыстады.