Қызылордалық жастар жемқорлыққа қарсы ағартушылық штабтың мүшелерімен кездесті
Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы республикалық ақпараттық-ағартушылық штаб төрайымы Ырза Тұрсынзада мен Агенттіктің ресми өкілі Арман Бердалин облыс жастарымен кездесті.Аталған шараға Қорқыт ата атындағы ҚМУ басшылары, профессорлық-оқытушылар құрамы, «Саналық ұрпақ» клубы мен «Парасаттылық мектебінің» белсенді жастары және студенттер қатысты.
Кездесу барысында сөз сөйлеген штаб төрайымы Ырза Тұрсынзада Штабтың құрылу мақсаты жөнінде ақпарат беріп, өскелең ұрпақты парасатты, адал әрі әділ болуға, қоғам арасында ежелден қалыптасқан құндылықтарды сақтауға шақырды.
«Біреудің ала жібін аттама деген халқымыз өзгенің жайлауын рұқсатсыз басспай, парасаттылық пен ұятты барлығынан биік қойған. Адал сөзге арсыз ғана тоқтамайды. Сіздер аппақ парақ секілді өмірді енді бастағалы жатырсыздар. Сондықтан, бүгін біз айтқан сөзді көкейге түйіп, жүрекке жеткізесіздер деген сенімдемін» - дейді Ырза Тұрсынзада.
Агенттіктің ресми өкілі Арман Бердалин өз кезегінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы алдын-алу шараларының маңыздылығы жөнінде баяндап, жастарды уақытты дұрыс жоспарлауға, адал білім алуға, бәсекеге қабілетті маман болуларына өзінің тілектестігін жеткізді.
Шара соңында Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректоры, филология ғылымдарының кандидады Бейбіткүл Каримова өмірде жетістікке жету үшін адал еңбек етудің маңыздылығына, әділеттілік, парасаттылық және адалдық құндылықтарын насихаттау бағытында жұмыс одан әрі жалғасатынын жеткізді.