АРАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРЫ ЖАҢА ЖЫЛУ ҚОНДЫРҒЫЛАРЫМЕН ЖАБДЫҚТАЛУДА
Қызылорда облысындағы «Қамқор Менеджмент» компаниясының бас директоры Диас Сүлейменовтің тікелей бастамасымен Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Сексеуіл кентіндегі мектеп, балабақша және балалар интернатына жаңа автономды қазандықтар тегін орнатылды.
Орынбор-Ташкент шойын жолы салынған 1905 жылы Сексеуіл кентіндегі №87 мектептің де іргесі қаланды. Теміржолмен тамырлас, тағдырлас білім ошағында қазір 800-ден астам бала оқиды. Апатты жағдайдағы ауылдық орталықтандырылған жылу жүйесі жұмысын тоқтатуға жақын. Осы ретте «Қамқор Локомотив» мекемесінің демеуімен сексеуілдік балғындардың жылы әрі жайлы сыныпта сапалы білім алуына жағдай жасалып отыр.
– Жеке жылу қондырғысы сұйық отынмен жағылады. Өз қарамағымызға берілгеннен кейін бізде әрі қарай қиындық тумайды деп ойлаймын. Қазір мектеп іші 25 градус болып тұр, – дейді Сексеуіл ауылдық №87 мектеп директоры Сәкен Төрешов.
Мемлекеттік «Жауқазын» балабақшасына да қос модульді қазандық орнатылды. Шетелдік құрылғылардың қуаты мен қызуы мол және жарамдылығы жоғары.