ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ АКЦИЯЛАРЫНЫҢ БАҚЫЛАУ ПАКЕТІ МЕМЛЕКЕТ ИЕЛІГІНДЕ ҚАЛАДЫ
«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акцияларының тек миноритарлық бөлігі ғана сатылады. Мемлекет негізгі акционер ретінде қала береді және банк өзінің барлық әлеуметтік функциялары мен міндеттемелерін сақтап қалады. Бұл туралы Астанада өткен үкімет отырысы барысында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова хабарлады. Шара аясында мемлекеттік кәсіпорындардың жекешелендіруін ұйымдастыру мәселесі қарастырылған болатын.
- Мемлекет басшысы өз жолдауында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүзеге асырып отырған тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің тиімділігін ерекше атап өткен болатын. Бұл жүйе халықтың үлкен бөлігі үшін баспананы қолжетімді етіп отыр. Қазіргі кезде банк іздестіріп жатқан стратегиялық серіктес осы бағыттағы жұмысты жақсартуға көмектеседі. Мұндай ұйым ретінде біз Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ары қарайғы сапалы дамуын қамтамасыз ететін, халықаралық тәжірибесі бар, осы салада маманданған, тұрақты қаржы институтын көріп отырмыз. Бұл мәміледен бірінші кезекте біздің клиенттер ұтады, себебі олар технологиялық тұрғыдан дамыған қызметті алып, ең тиімді деген өнімдерді пайдаланатын болады, - деді Ләззат Ибрагимова.
Ол несиелендіру мөлшерлемелеріне қатысты қазіргі қолданыстағы барлық жеңілдетілген шарттар толық көлемде өз күшінде қалатынын атап өтті. Сонымен қатар, инвестордың келуі банк салымшыларына берілетін мемлекеттік сыйлықақыға теріс әсер етпейді. Мемлекеттік сыйлықақыны төлеу нормалары «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» заңда бекітілген.
Сонымен қатар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі негізгі оператор ретінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға қатысуын жалғастырады. Жоба аясында өткен жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 8 672 пәтерден тұратын 145 үй пайдалануға берілген болатын. Осы жылы 7 981 пәтерден тұратын 95 үй мен Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы 414 жеке коттедж өз иелерін табады деп жоспарланып отыр.