АҚЖАРДА АУҚЫМДЫ ІС БАР
Аудан әкімі Сұлтан Макашов пен Ақжар ауылдық округінің әкімі Ерлан Бисембаев ауыл тұрғындары алдында есеп беріп, 2017 жылы атқарылған жұмыстарды баяндады. Ауылдық округте құрамында 94 адамы бар «Ораз ахун ЛТД» ЖШС-і жұмыс істейді.
Өткен жылы шаруашылық 927 гектар жерге күріш егіп, 42788,9 центнер өнім алды. Сонымен қатар 204 гектар жерге жаңа жоңышқа, 133 гектарға ескі жоңышқа егілді. Қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына 3 адам жіберіліп, оның 2-еуі аспаз мамандығын бітіріп шықты.
"Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы бойынша ауылдық округтен 5 жоба қатысып оның 4-еуі жеңімпаз атанды. Жалпы ауылда 1 макарон цехы, 1 шаштараз, 4 тігін цехы, 2 наубайхана халыққа қызмет көрсетуде.
Биыл ауыл орталығынан саябақ салу, көшелерді жөндеу, жарықтандыру жұмыстарымен қатар, мектептің музыкалық жабдықтары да жаңаланатын болады. Есепті кездесуде ауыл тұрғындары жылдық жұмысқа лайықты баға беріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді.