ОРЫНДАЛҒАН ІСТЕРГЕ ОҢ БАҒА БЕРІЛДІ
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Қазалы ауданында аудан және ауылдық округ әкімдерінің халық алдындағы есепті кездесулері басталды.
Басықара ауылында өткен есепті кездесуде ауыл тұрғындары аудан және ауыл әкімінің 2017 жыл көлемінде атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарын тыңдады.
Жиында айтылғандай биыл да Басықара ауылында Қазақстан Республикасы Президентінің стратегиялық бағдарламаларын ауылдық округ көлемінде іске асыру, азаматтардың әл-ауқатының өсуін қамтамсыз ету, округ тұрғындарының тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал етуге жүйелі жұмыстар жүргізіле бермек.
Сондай-ақ, шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендету де қолға алынады. Ауылдағы тозығы жеткен электр желілері мен құлау қаупі бар бағаналар ауыстырылады.
Ал ауыл әкімі Болатбек Баймахановтың мәліметіне сүйенсек, алдағы жоспарларлардың қатарында 90 орындық балабақша құрылысын бастау да бар.
Қазір ауылда мектеп, шағын орталық, балабақша, клуб, кітапхана, мешіт, Басықара фельдшерлік-акушерлік бөлімшесі жұмыс жасайды.
Ауылда жыл сайын кәсіпкерлер қатары артып келеді. Оған мемлекеттің «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының септігі зор. Осы бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 1 ауыл тұрғын жіберілсе, екінші бағыты шеңберінде жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасалып, «Бастау Бизнес» жобасы өңірлік кәсіпкерлер палатасы арқылы 5 ауыл тұрғыны оқып, 4-і сертификат алған. Үшінші бағыты арқылы 2 азамат әлеуметтік жұмыспен қамтылса, жастар практикасына 1 маман жіберілген.