Қызылордалық кәсіпкерлер өткен жылы бюджетке 73,8 млрд теңге салық түсірген
Kyzylorda-news.kz. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов бизнес-қауымдастық алдындағы есепті кездесуінде айтты.
Бүгін «Кәсіпкерлер үйінде» Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықовтың бизнес-қауымдастық алдындағы есебі өтті.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Мұрат Имандосов, мүдделі мемлекеттік орган басшылары, өңірлік кеңес, аудандық кәсіпкерлер кеңесі, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі мүшелері, жалпы аймақтың бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты.
Кездесу басталмас бұрын «Бастау» жобасы бойынша оқып, кәсіптерін ашқан бизнес өкілдерінің өнімдерінен көрме көрсетілді.
«Қызылорда облысының экономикасы мұнай өндірісіне тәуелді екені білгілі. Өткен жылы мұнай өндірісі көлемінің 13 пайызға төмендеуі тиісінше өнеркәсіптік өнімнің 10,7 пайызға азаюына алып келді. Жалпы, соңғы 7 жылда облыста мұнай өндірісі екі есеге дейін азайып, 5,5 млн тоннаға дейін төмендеген. Биыл да 1 млн тоннаға кемиді деген болжам бар. Сондықтан өндеу өнеркәсібі бағытында облыс экономикасын әртараптарандыру – күн талабы. Оны тек шағын және орта бизнесті дамыту арқылы қол жеткізе аламыз», - деді Ғалымбек Жақсылықов.
Биылғы жылдың 1 қаңтар айындағы көрсеткіш бойынша аймақта 46 297 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасауда (дара кәсіпкерлер – 70%, шаруа қожалықтары – 17,8% және заңды тұлғалар – 12,2%). Өсім – 9,3 пайыз.
Өткен жылдың 9 айында шағын және орта кәсіпкерлікте 285,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Өсім – 9,9 пайызға тең.
Соңғы 3 жылда шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 14,2 пайыздан 18 пайызға өскен. Өткен жылдың 9 айында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 92 223 адам жұмыс жасады. Өсім – 2,5 пайызды көрсетуде.
2019 жылы шағын және орта кәсіпкерліктен бюджетке 73,8 млрд теңге салық түсіп, өсім 10,6 пайызды құрады.