Қ.Ысқақов: Құқық бұзушылық профилактикасы өзекті мәселе екенін естен шығармауға тиіспіз
Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Қ.Ысқақовтың төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 2019 жылы қабылданған және 2020 жылы қабылданатын шаралар" мен "Азаматтардың жеке меншіктегі малдарын ұрлау қылмысының профилактикасы" мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 2019 жылы қабылданған және 2020 жылы қабылданатын шаралар" туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердаулетов баяндама жасады.
"Облыста кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар саны 2019 жылғы 12 айда алдыңғы жылмен салыстырғанда 28,1%, ал, қылмысқа қатысушылар саны 30,4 пайызға азайған. Дегенмен, мектеп оқушыларының қатысуымен жасалған құқық бұзушылықтар саны 20% көбейген. Осындай жағдайлардың алдын алып, болдырмау мақсатында 2019 жылғы 12 айда дәстүрлі "Түнгі қаладағы балалар" жедел-профилактикалық бірлескен іс-шаралар рейді 1193 рет ұйымдастырылды. Оған 4 339 адам қатысты. Сондай-ақ, отбасылық және рухани тәрбие беру бойынша өткен жылы мектептердің 1-11 сынып оқушыларының 140 мың ата-аналарына «психологиялық көмек» беру мақсатында ата-аналар конференциясы ұйымдастырылып, психологтардың кеңестері берілді",- деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердаулетов.
Жыл басында барлық құқық қорғау органдарының орталық аппараттарында кеӊейтілген алқа отырыстары өткізіліп 2019 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды.
"Өткен жылдың қорытындысымен облыс көлеміндегі қылмыстық құқық бұзушылықтар 19 пайызға азайды. Оның ішінде, кәмелет жасына толмағандармен жасалған қылмыстар 28 пайызға төмендеген. Көрсеткіштің жақсаруына қарамастан, кәмелет жасына толмағандардың арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы мәселесі әлі де болса өзекті екенін естен шығармауға тиіспіз",-деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе "Азаматтардың жеке меншіктегі малдарын ұрлау қылмысының профилактикасы" бойынша облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Шалқаров баяндады.
"2019 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша, Қызылорда облысының аумағында барлығы 1165 мал басы ұрланып 401 бас табылды. Көбінесе жайылымдардағы күзетілмеген қораларда қараусыз қалған мал ұрланады. Мал ұрлығының негізгі себептерінің бірі оның бақылаусыз жайылуы, яғни өз малын бірнеше күнге, тіпті айларға қараусыз қалдырған азаматтар тарапынан оның сақталуына жауапсыз қарау салдарынан орын алып отыр. Сонымен қатар, малының жоғалғанын байқаған азаматтар полицияға жүгінбей өз бетінше іздейді, бұл ретте ұрланған мал мен оған қатысты тұлғаларды іздестіруді жеңілдететін маңызды айғақтар мен іздер жоғалып кетеді. 2019 жылдың 12 айында мал ұрлығымен тіркеліп, ұрланып кетті деген малдар далалық жерде табылып, иелеріне қайтаралу жие кездеседі. Бұндай дерек бойынша 131 қылмыстық іс тоқтатылды, бұл ретте ұрланған малды іздеуге жеке құрамның басым күштері мен автомобиль көлігі тартылады. Мал иелірінің жауапсыздығынан өкіметтен қаражатар шығындалуда",- деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Шалқаров.
Аймақ басшысы облыс бойынша арнайы мал союға арналған 38 пункт бар, дегенмен, бейресми деректерге сәйкес малды үйден сойып, оның етін сату арқылы кәсіп қылып отырған жеке тұлғалардың саны өте көп екені жасырын емес екендігін айтты.
"Ұрланған малдарды сою деректері орын алуы әбден мүмкін.
Себебі, ол-бақылаусыз. Бұнымен қоса, олар өз қызметін санитарлық -эпидемиологиялық талаптарды сақтамай, кәсіпкерлік субъекті ретінде тіркелмей атқаруда. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының мал ұрлаған адамдардың қылмыстық жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ, осындай қылмыстардың алдын алу және профилактикалық жұмыстарды кешенді түрде жүргізу жөніндегі тапсырмасын орындауымыз үшін кешенді жоспар қажет",- деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.
Сондай-ақ, аймақ басшысы полиция органдары мал ұрлығына байланысты қылмыстылықпен күресуде ұдайы түрде түнгі мезгілде рейдтік жұмыстарын жүргізіп, жиі қылмыс орын алатын аумақтарға полиция бекеттерін орнату жолдарын қарастырып, мүдделі органдармен бірлесіп, ет өнімдерін сату, сатып алумен және өңдеумен айналысатын орындарды заңнамаларға сәйкес ретке келтіру бойынша ұсыныстар беруді тапсырды.