Ақмарал Әлназарова тұрғындарды қабылдады
Kyzylorda-news.kz. «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова тұрғындарды қабылдап, олардың өтініш тілектерін тыңдады.
Қызылорда қаласына қарасты КОПЭС саяжайы тұрғындарының атынан келген азаматтар саяжайға баратын жол, ауыз су, сондай-ақ, көшелерді жарықтандыру мәселесін сөз етті. Әрине, бұл жұмыстар қыруар қаржы мен тиісті уақытты талап ететіндіктен партия өкілі алдымен арнайы комиссия құрып, жол құрылысына қатысты жоба-сметалық сарапатама жүргізіп, жоспарға енгізуге қолдау жасайтындығын жеткізді.
Сол секілді Тасбөгет кентінің тұрғыны Бауыржан Тайыровта кенттегі өзі тұрып жатқан көшенің жағдайын айтып, партия тарапынан асфальт салуға қолдау сұрады. Мәселе бойынша қабылдауға қатысып отырған кент әкімі Пахуадин Шамұратов жауап берді. Ол кентте ағымдағы жылы жол құрылысы жүргізілетін 3 көшенің қатарында бұл көшенің де бар екендігін жеткізіп, жыл соңына дейін жол мәселесі шешілетіндігін айтты.
Сондай-ақ қабылдауға келген диалезниктер қоғамының 5 өкілі бүгінгі таңда облыста бүйрегін ауыстырған 74 адамды емдейтін нефролог дәрігерлерінің жетіспеуі, олардың мүгедектікке шығуындағы кедергілер және өңірде нефрология орталығын ашу қажеттігі жайлы бірқатар мәселелерді көтерді.
Ақмарал Әлназарова бұл мәселелерді жан-жақты зерделеу үшін партияның облыстық филиалы жанындағы тиісті комиссияда қарап, кезең-кезеңімен шешілуіне ықпал жасалатындығын айтты. Қабылдауға баспана, жер, кәсіпкерлікке қатысты келген тұрғындарға заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.