Карантинде 900 адам жатыр, көпшілігі Қазақстан азаматтары

«Жалпы бізде 992 адам карантинде жатыр. Оның ішінде оқшауланғандар да, үй жағдайында карантинде жатқандар да бар. 2 және 3 санаттар бойынша, яғни тұрғылықты мекенжай тұрғысынан 7515 адам бақылауда. Жалпы 8 мыңға тарта адам Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауына алынған», - деді Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің сөзіне қарағанда, карантинде жатқандардың ішінде көпшілігі Қазақстан азаматтары, шетелдіктер де бар.
«Ауру белгілері бар жағдайда олар ауруханаға жатқызылады. Бүгінге дейін бізде 60 адам ауруханаға жатқан. 18-і кеше шығып кетті. 42-і қалды. Олар зерттеуден, диагностикадан өтуде. Осыған дейін айтқанымдай, Ресей және ҚХР-дан өнеркәсіптік өндірістен шыққан диагностикалық тесттер әкелінген. ДДСҰ-дан да қосымша тесттер жеткізілді. Біз 1014 адамды тексердік. Тесттердің бірде-бірінде коронавирус инфекциясы анықталған жоқ», - деді министр.