Қызылорда түрмесінде спорттық сайыс өтті
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы ҚАЖ департаменті ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеушілер арасында шахмат, арқан тарту, гір тасын көтеру сияқты спорт түрлерінен сайыс өтті.
Сайысты мекеменің сотталғандар арасында әлеуметтік психологиялық тәрбие жұмыстары бойынша бөлімі мен Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бекіткен мәдени-спорттық іс шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.
Бас бостандығынан айырылғандарды жазасын өтей отыра түзелу жолына салу – бүгінгі күннің басты талабы. Оның ішінде, бірнеше қылмыс жасаған және ауыр қылмысты қайта жасаған адамдарды түзелу жолына салу біраз күш-жігерді қажет ететін жауапты әрі қиын жұмыс. Жаза мерзімін өтеуші азаматтардың дене тәрбиесімен айналысуы, ой-өрісін психологиялық тәрбиелеумен қатар жүргізілетін әдістердің бірі. Себебі, еңбекпен тәрбиелеу секілді спортпен тәрбиелеуді қатар алып жүрудің де маңызы жоғары.
«Мекеме басшылығы жазасын өтеуші азаматтарды темір торда телміртіп отырғызбай уақытын тиімді түрде өткізуді ұтымды пайдаланып отыр. Бұл жазасын өтеуші азаматтардың қайтадан қылмыс жасауына жол бермеудің бірден-бір жолы», – дейді сотталғандар арасында әлеуметтік психологиялық тәрбие жұмыстарын жүргізу бөлімінің бастығы әділет майоры А.Өскенбаев.
Саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған спорттық жарысқа 5 команда қатысып, жарыс көркін қыздырды. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталды.