ИІРКӨЛДІКТЕР БАУ-БАҚША ЕГУДІ ҚОЛҒА АЛМАҚ
Қармақшы ауданының әкімі М.Мақашов пен Иіркөл ауылдық округінің әкімі Б.Қалдашбаевтың есебіне ауыл тұрғындары, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары және облыс әкімдігімен бекітілген кестеге сәйкес облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ә.Ерсұлтанов қатысты, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесуде ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен ағымдағы жылы атқарылар біршама жұмыстар жайлы айтылды. Иіркөл ауылында өткен жылы «Әсіл» шаруа қожалығы бойынша 450 гектарға күріш, 120 гектарға ескі және жаңа жоңышқа егілсе, шаруашылық еңбеккерлері мен ауыл тұрғындары 29 гектар алқапқа бақша дақылдарын екті. Өткен жылы округ бойынша мүйізді ірі қара 944 бас, қой-ешкі 2329 бас, жылқы 367 бас және 106 құс болды. Ауылдық округте мал шаруашылығын дамыту, жеке кәсіпкерлердің несие алу жолымен мал бордақылау алаңдарын салу және жергілікті төрт түлік тұқымын асылдандыру бағытында «Сыбаға», «Алтын асық» «Құлан» бағдарламаларын іске асыруда ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтары арасында аталған бағдарламаның тиімділігі туралы үгіт-насихат жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде «Ертілеу» шаруа қожалығы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы аясында мүйізді ірі қараны көбейту және асылдандырумен айналысуда. Сонымен бірге, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша «Қазақтың қылшық жүнді асыл тұқымды» қошқарларын сатып алып, осы түлік түрін асылдандыруға ден қойды.
Ал «Рамазан» шаруа қожалығы мемлекеттік бағдарламалар аясында доңғалақты трактор тіркемесімен, шөп шабатын, шөп тайлағыш ауылшаруашылығы техникасын сатып алып, мал азығын дайындаумен айналысып келеді. Ауылда «Иіркөл Даму» ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру кооперативі құрылды. Сонымен бірге, кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген ауыл азаматтары арнайы оқу курсынан өтіп, сертификат алды. Осы бағытта облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауылда салық базасын ұлғайту мақсатында несие алғандар мен бағдарлама жеңімпаздары аудандық салық басқармасына тіркелді.
Иіркөл ауылында да өткен жылы тұрғындардан үйлерге ауыз су желілерін тарту, ауылға дейін жететін жолды жөндеу туралы сауалдар жолданған болатын. Аудан әкімі тұрғындардың өтінішін жерге тастамай ұдайы назарында ұстады. Нәтижесінде облыс әкімінің қолдауымен тұтынушы үйлердің шекарасына дейін су құбырын жеткізу желілерінің құрылысын жүргізуге мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттен - 34,6 млн.теңге бөлініп, үй-үйге ауыз су желісін кіргізу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл «Самара-Шымкент-Иіркөл» автомобиль жолының 5,1 шақырымына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 162,9 млн.теңге бөлініп, ағымдағы жылы жол жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Есепті кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан интернет желісінің жылдамдығын арттыру, бау-бақша егуге техника жағынан көмек беру және «Балажарма» каналын тазалау туралы ұсыныстар айтылды. Аудан әкімі бұл мәселеге орай экспортқа шығатын өнім егуді ұсынып, наурыз айында барлық құрал жабдықпен қамтылған трактор көлігін сатып алып беруге уәде берді.